
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ресей Федерациясының Пермь өлкесінің губернаторы Дмитрий Махонинмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар экологиялық туризмді дамыту, биоәртүрлілікті сақтау, сондай-ақ бірлескен табиғатты қорғау бастамаларын іске асыру мәселелерін талқылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) дамытудың басым бағыттарының бірі экологиялық туризм болып табылады. Министрлік базалық инфрақұрылымды құруға, цифрлық технологияларды енгізуге және білікті кадрларды даярлауға бағытталған жүйелі шаралар кешенін іске асыруда.
Осы жұмыс шеңберінде күрделі құрылыстан глэмпингтер, киіз үйлер мен кемпингтерді қоса алғанда, туристік инфрақұрылымның жеңіл салынатын объектілеріне көшу жүзеге асырылады. Әрбір ЕҚТА үшін инфрақұрылымды бірыңғай визуалды стандарттау (дизайн-код) енгізіледі, сондай-ақ «Туристік қызметтер. Экологиялық туризм».
Табиғи кешендерге антропогендік әсерді азайту мақсатында БҰҰДБ-мен бірлесіп туристік-рекреациялық сыйымдылықты және ЕҚТА-ға жол берілетін жүктемелерді бағалаудың бірыңғай әдістемесі әзірленуде.
2024 жылдан бастап келушілердің экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған «Таза туризм» бағдарламасы іске асырылуда.
Кездесу барысында жабайы жануарлар популяциясын қалпына келтіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Киік аборигенді түр және тарихи тұрғыдан Қазақстан аумағында мекендейді. 2003 жылы оның саны шамамен 21 мың басқа жуық болды. Мемлекет қабылдаған шаралардың, соның ішінде аулауға тыйым салу, салалық бағдарламаларды іске асыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту нәтижесінде, бүгінде киік саны 5 миллионнан асады, бұл әлемдік популяцияның шамамен 99%-ын құрайды. Бұл әлемдік тәжірибедегі түрді қалпына келтірудің ең табысты мысалдарының бірі.
Қазақстан сирек кездесетін жануар түрлерін қайта жерсіндіру жобаларын да жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Пржевальский жылқысын табиғи ортаға қайта оралу бағдарламасы басталды. Далалық өңірлердегі тарихи мекеніне Еуропа зоопарктерінен 14 жануар жеткізілді, 2029 жылға қарай олардың санын 40 басқа дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Іле-Балқаш» резерваты аумағында жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жобасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта онда екі бас бар. Жақын арада Ресей Федерациясының қолдауымен тағы төрт жолбарыс әкелініп, кейін табиғи ортаға жіберу жоспарлануда.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелерді қалпына келтіру саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға ашық.
«Қазақстан аң өсіру және аңшылық шаруашылықтарын жүргізу жобаларын дамытуға қызығушылық танытады, сондай-ақ вольерлік шаруашылықтар құру және осы саладағы заманауи тәсілдерді енгізу бойынша Пермь өлкесімен тәжірибе алмасуға дайын», – деп атап өтті министр.
Елде аң өсіруді дамыту мақсатында заңнамалық түзетулер әзірленді, олар аң өсіру өнімдерін ауыл шаруашылығы өнімдеріне теңестіруді көздейді. Бұл шаралар жабайы жануарлар санының артуына және саланың әлеуетін тиімді іске асыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1205763?lang=kk

Жауап қалдыру