Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 7 маусымдағы № 259 Заңымен ратификацияланған Тұрақты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясы тараптарының 12-ші конференциясында қабылданған өндіруге және әкелуге тыйым салынған химиялық заттардың тізбесіне (А-қосымшасы) хлорпирифостың енгізілуі туралы тұрақты органикалық ластағыштарды қарау бойынша Комитеттің шешіміне сәйкес, 2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 56 және 57-баптарын және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 38-бабының 1-тармағының 15) тармақшасын басшылыққа ала отырып ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті (бұдан әрі – Комитет, ҚР АШМ АӨ КМИК):
1) құрамында хлорпирифос бар пестицидтер мен инсектицидтерді мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұрсын;
2) пестицидтің әсер ететін заты мен препаративтік түрін токсикологиялық-гигиеналық бағалау бойынша келісулер мен қорытындыларды беруді тоқтата тұрсын;
3) ҚР АШМ АӨ КМИК-ы құрамында хлорпирифос бар пестицидтер қалдықтарына тексеру жүргізсін;
4) 2026 жылғы 17 желтоқсаннан бастап:
– пестицидтің әсер ететін заты мен препараттық түрін токсикологиялық-гигиеналық бағалау бойынша бұрын берілген келісулер мен қорытындылар кері қайтарып алынсын;
– ҚР АШМ АӨ КМИК-ы бұрын берген құрамында хлорпирифос бар пестицидтерді тіркеу туралы куәліктер және Комитеттің берген құрамында хлорпирифос бар инсектицидтерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер кері қайтарып алынсын.
- ҚР АШМ АӨ КМИК, Комитет және пестицидтер және инсектицидтерді сараптауды жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар Стокгольм конвенциясының А-қосымшасындағы өзгерістерді ескере отырып, пестицидтер мен инсектицидтердің әсер ететін затын бағалау бойынша сараптамалық қорытындыларды қарауды және беруді тоқтата тұрсын.
- Комитеттің техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау басқармасы:
1) осы қаулыны Комитеттің ресми сайтында жариялауды;
2) осы қаулыны Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары мен «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының назарына жеткізуді;
3) Қазақстан Республикасының аумағында уақытша санитариялық шара енгізілгені туралы ақпаратты мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына және Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберуді қамтамасыз етсін.
- Осы қаулының орындалуын бақылау Төрағаның жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
- Осы қаулы Комитеттің ресми сайтында жарияланғаннан кейін күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді, осы қаулының 1-тармағының 4) тармақшасы 2026 жылғы 17 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері С. Бейсенова
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-zhelezinka/press/news/details/1205858?lang=kk

Жауап қалдыру