Бүгін Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі жаңа инвестициялық агроөнеркәсіптік жобаның ашылу салтанатына қатысты.
Аталған жоба облыстың агроиндустриялық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласына заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Жобаның бастамашысы – «Харвест Агро» ЖШС. Жобаның жалпы құны 68 млрд теңге.
Нәтижесінде 142 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, жоба аясында жылына 78 мың тонна жүгері, 7 мың тонна қарасора тұқымы, 35 мың тонна қарасора сабаны және 33 мың тонна соя егу көзделген. Биыл 7 мың гектар жерге жүгері дақылын егу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда 8 мың гектар жер тегістеліп, құрылыс алаңына 150 техника мен 300-ден астам адам жұмылдырылған.
Жобаның жүзеге асырылуы – өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысының нақты нәтижесі.
Шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асқан бұл бастама облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.
Мұндай ауқымды жобалар алдағы уақытта Қызылорда облысының аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түспек.
Қызылорда облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-kyzylorda/press/news/details/1206467?lang=kk

Жауап қалдыру