
Елордада Орталық Азия елдерінің орнықты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Өңірлік экологиялық саммит өтуде. Маңызды халықаралық іс-шара БҰҰ серіктестігімен ұйымдастырылып, аймақтағы мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және ортақ экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.
Саммиттің басты мақсаты – климаттың өзгеруі, су тапшылығы, шөлейттену және табиғи экожүйелердің тозуы секілді өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру, тиімді әрі үйлестірілген өңірлік саясатты дамыту.
Мемлекет басшылары қатысқан саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдер бүгінгі таңда бірқатар күрделі экологиялық сын-қатерге тап болып отырғанын атап өтіп, бұл проблемаларды шешу өңірлік деңгейде үйлестірілген күш-жігерді және белсенді халықаралық қолдауды талап ететінін атап өтті.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған саммитте Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі инвестициялық жобалар да ұсынылды.
Атап айтқанда:
* Қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін Shanxi Construction Investment Group және сұрыптайтын «Clean Village» ЖШС зауыттарының құрылысы;
* Шыны бөтелке жасайтын «Еврокристалл» ЖШС зауыты;
* «QazAlpack» ЖШС-нің алюминий банкалар зауытының өндірісін кеңейту;
* Пайдаланылған шиналарды қайта өңдейтін «ЭкоШина» ЖШС зауыты;
* Эколонһгиялық және қалалық ортаны жақсартуға бағытталған «ӨмірШымкент» жобасының бастамалары.
Бұл жобалар өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға, қалдықты тиімді басқаруға және «жасыл экономика» қағидаттарын енгізуге мүмкіндік береді.
Іс-шараға қатысушы елдердің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен экологтар тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылауда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1206540?lang=kk

Жауап қалдыру