
Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммитте ШЫҰ мен UNEP-тің экологиялық серіктестігін нығайту мәселелері талқыланды. Екі ұйымның ынтымақтастығы қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы жаһандық және өңірлік деңгейде елдер бетпе-бет келіп отырған көптеген сын-қатерлерге жауап болып табылады.
2024 жылы ШЫҰ Хатшылығы мен UNEP арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум ұйымдар арасындағы практикалық іс-қимылды орнатудың алғашқы қадамы болды. Бұл құжат қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы ынтымақтастықты күшейту мақсатында ШЫҰ мен UNEP арасында ашық диалог қалыптастыру бойынша күш-жігерді іске асырудың тиімді құралына айналуға тиіс.
«Бүгінгі таңда жалпы ниеттен бірлескен практикалық қадамдарға көшу маңызды. Ең алдымен, сөз өңірлік экологиялық мониторингті дамыту, ауаның, су ресурстарының, жердің жай-күйі туралы деректер алмасу туралы болып отыр. Бұл тәуекелдерге дер кезінде әрекет етуге және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Бұл серіктестік жаңартылатын энергия, энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару, климаттың өзгеруіне бейімделу және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мәселелерді шешуге ықпал ете алады. Орталық Азия қазірдің өзінде шөлейттенумен, су тапшылығымен және ауа сапасының нашарлауымен бетпе-бет келуде.
«Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ саммитінде айтқан, су ресурстарын басқару саласындағы, соның ішінде трансшекаралық аспектілерді ескере отырып, келісілген шешімдерді әзірлеу үшін Су проблемаларын зерттеу орталығын құру туралы бастамасын атап өткім келеді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Президентінің жаһандық су архитектурасының тиімділігін арттыруға бағытталған бастамасын іске асыру мақсатында саммит аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан Халықаралық су ұйымын құру бойынша халықаралық консультациялар өткізу жоспарланып жатыр. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерді біздің бастамаларымызды қолдауға шақырамыз», – деді Ерлан Нысанбаев.
Министр сондай-ақ ШЫҰ елдері үшін көптеген мәселелер ортақ екенін және оларға жауап беру тек ынтымақтастық, сенім және күш-жігерді біріктіру арқылы ғана мүмкін болатынын атап өтті.
ШЫҰ-UNEP іс-шаралар жоспарының жобасында ынтымақтастық бағыттарының бірі ретінде қоршаған ортаның ластануын азайту, соның ішінде қаланы жоспарлау кезіндегі өзара іс-қимыл қарастырылған.
«Практикалық қадам ретінде ШЫҰ мен UNEP аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ең ірі қалаларында, бұл мәселе неғұрлым өзекті болып табылатын жерлерде атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға бағытталған көпжақты жобаны немесе бағдарламаны іске қосу туралы ойлануды ұсынамыз», – деді Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нурлан Ермекбаев.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1206562?lang=kk

Жауап қалдыру