
Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері есірткі қылмыстарына қарсы күресті тек жедел-іздестіру шараларымен шектемей, алдын алу бағытында да жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Осы ретте Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы “Taldykorgan jastary” филиалының мамандары және еріктілермен бірлесіп, есірткі граффитілерін жою және қала аумағын тазарту акциясын ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қаланың тазалығын сақтау, қоғамдық орындардың бүлінуіне жол бермеу, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Акция барысында қатысушылар көшелерге шығып, есірткі заттарын жарнамалайтын заңсыз жазулар мен бейнелерді жою жұмыстарын жүргізді.
Жұмыс нәтижесінде ғимараттардың қабырғалары, қоршаулар және қалалық инфрақұрылымның өзге де нысандары тазартылды. Осылайша қоғамдық кеңістіктер ретке келтіріліп, қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру жолында маңызды қадам жасалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, есірткі граффитиімен күрес – тек эстетикалық мәселе емес, сонымен қатар жастар арасында тыйым салынған ақпараттың таралу арналарына тосқауыл қоюдың тиімді тәсілі.
– Тәртіп әрқайсымыздан басталады. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз есірткі қылмыстарының таралуына тосқауыл қойып, оның кез келген көрінісіне нөлдік төзімділік қалыптастыра аламыз, – деп атап өтті полиция өкілдері.
Мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі таза қала – тек сыртқы келбет емес, қоғамның мәдениеті мен саналы деңгейінің айқын көрсеткіші.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1206195?lang=kk

Жауап қалдыру