
Бүгін Бекмурат Уахатов атындағы орта мектебінің базасында желілік топтың жұмыс жоспарына сәйкес «Білім сапасы – ұстаз шеберлігінің айнасы» атты аудандық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Білім беру саласындағы өзекті мәселелерді қамтыған бұл маңызды іс-шара педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Семинардың басты мақсаты – ұстаздар арасында тәжірибе бөлісуді жандандыру, менторлық жүйе арқылы білім сапасын арттыру жолдарын талқылау және педагогтердің кәсіби мотивациясын көтеру болды. Аталған шараға 30-ден астам менторлар мен жас мамандар қатысып, өзара пікір алмасып, тың идеялармен бөлісті.
Іс-шара барысында ерекше қызығушылық тудырған бөлімдердің бірі – менторлар мен жас мамандар арасындағы дебат болды. «Қазіргі мектепте табысты мұғалім болу үшін тәжірибе маңыздырақ па, әлде жаңашылдық пен цифрлық дағды ма?» тақырыбында өткен пікірталас панельдік форматта ұйымдастырылды. Бұл алаңда тәжірибелі педагогтер сарапшы ретінде ой қозғап, өз көзқарастарын дәлелдеді, ал қатысушылар белсенді түрде сұрақ қойып, пікір білдірді. Нәтижесінде, бүгінгі мұғалім үшін тәжірибе мен жаңашылдықтың өзара үйлесімі маңызды екені айқындалды.
Семинардың келесі кезеңі «Телестудиядағы кездесу» форматында жалғасын тапты. Бұл бөлімде жас мамандар «Білім сапасы – ұстаз шеберлігінің айнасы» тақырыбын креативті тұрғыда ашып, өздерінің тың көзқарастары мен заманауи тәсілдерін ұсынды. Қатысушылар үшін бұл формат ерекше әсер қалдырып, еркін ой алмасуға мүмкіндік берді.
Іс-шара «Олқылықтан мүмкіндікке» атты тренингпен қорытындыланды. Тренинг барысында педагогтер кәсіби қиындықтарды жаңа мүмкіндіктерге айналдыру жолдарын қарастырып, өзін-өзі дамытуға бағытталған практикалық әдістермен танысты.
Аудандық семинар педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және білім сапасын жақсартуға бағытталған маңызды алаң болды. Мұндай мазмұнды кездесулер білім беру жүйесінде жаңашылдық пен сабақтастықты қатар дамытып, ұстаз мәртебесін арттыра түсетіні сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqquly-bilim/press/news/details/1205767?lang=kk

Жауап қалдыру