Жаңа бағдарламалар мен гранттар саны артты: Целиноград ауданында Мемлекеттік басқару академиясының семинары өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Әсет Талғатбекұлы Әбжақов Целиноград ауданының мемлекеттік қызметшілеріне арналған оқыту семинарын өткізді. Іс-шараға аудан әкімі Дарын Сабырғали қатысты.

Семинар барысында мемлекеттік қызметті дамыту мәселелері, сондай-ақ кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесіндегі негізгі өзгерістер қарастырылды. Өз сөзінде Әсет Талғатбекұлы 2026–2027 оқу жылына арналған қабылдау науқанының ерекшеліктеріне тоқталып, құжат қабылдау мерзімдері оңтайландырылып, 1 сәуір мен 1 маусым аралығын қамтитынын атап өтті.

Академияның білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларының саны 12-ден 16-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, мемлекеттік басқарудың заманауи талаптарына сай жаңа бағыттар – цифрландыру, деректерді талдау және жасанды интеллект бойынша бағдарламалар іске қосылды. Олардың қатарында «Цифрлық мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік сектордағы цифрлық аналитика және жасанды интеллект», сондай-ақ EMBA іскерлік әкімшілендіру бағдарламасы бар.

Сонымен қатар, магистратураға бөлінетін мемлекеттік гранттар саны 1,5 еседен астам артқаны атап өтілді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілер үшін сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтеді.

Презентация аясында спикер талапкерлерге қойылатын талаптардағы өзгерістерді де түсіндірді. Құжаттар электронды форматта қабылданады. Міндетті құжаттардың қатарында мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат бар, ал кейбір бағдарламалар бойынша ағылшын тілін білу сертификаты талап етіледі. Сонымен қатар, еңбек өтіліне, әсіресе басшылық лауазымдардағы тәжірибеге қойылатын талаптар күшейтілді. Жекелеген бағдарламалар бойынша оқу мерзімі ғылыми-педагогикалық бағытқа көшуге байланысты ұзартылды.

Сондай-ақ, құжаттарды қабылдау, аналитикалық эссе жазу, конкурстық іріктеу мен сұхбаттасу кезеңдерін қамтитын қабылдау алгоритмі таныстырылды. Оқу 1 қыркүйекте басталады.

Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін жүйелі түрде арттырудың және заманауи басқару тәсілдерін енгізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Академияның жаңа білім беру бағдарламалары нәтижеге бағытталған, білікті әрі кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға негіз болады.

Семинар қатысушыларына Академияда білім алудың артықшылықтары туралы да ақпарат берілді. Олардың қатарында мансаптық өсу мүмкіндіктері, шетелдік тағылымдамалардан өту, үш тілде білім алу, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс негізінде оқитындар үшін жұмыс орнының сақталуы мен шәкіртақы төленуі бар.

Семинар ашық диалог форматында өтті. Мемлекеттік қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оқуға түсу мен оқу процесінің практикалық аспектілерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар іс-шараның мазмұндылығы мен практикалық маңызын жоғары бағалап, Академия базасында әрі қарай білім алуға және кәсіби дамуға қызығушылық білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1205486?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді