🔰Заң мен тәртіп: жасөспірімдердің қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қоғамда кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары тек полиция күшімен шектелмеуі тиіс. Қоғамның барлық мүшесі, әсіресе ата-аналар мен білім беру ұйымдары бірлесіп әрекет етпейінше, оң нәтиже күту қиын. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардана Саймағамбетов мәлімдеді. Спикер кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының өзекті мәселелерін көтерді.

Оның айтуынша, жасөспірімдер арасындағы жол-көлік оқиғаларының салдары өте ауыр болып отыр. Мәселен, 2025 жылы Ақтөбе қаласындағы Бауырластар тұрғын алабында екі қайғылы жағдай тіркелген. 1 қыркүйек күні полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, келесі күні №66 орта мектептің 11-сынып оқушысы көлік құралын басқара отырып, жол апатына ұшырап, оқиға орнында қаза тапқан. Көп ұзамай 27 қазан күні осы мектептің 8-сынып оқушысы да көлік жүргізу кезінде жол апатына түсіп, қайтыс болған.

🗣️«Соңғы уақытта мопед пен жеңіл мотокөліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары да алаңдатарлық деңгейде. Жыл басынан бері осындай 4 оқиға тіркеліп, 6 жасөспірім түрлі дене жарақатын алған. Заң бойынша мопедті 16 жастан бастап басқаруға рұқсат етілгенімен, көп жағдайда жасөспірімдер жол қозғалысы ережелерін толық меңгермей жатып көлік тізгініне отырады. Соның салдарынан олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп отыр» – деп атап өтті Ардана Саймағамбетов.

Департамент өкілінің айтуынша, балаларға мопед, электросамокат сынды көлік құралдарын сатып алып беру – ата-анаға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде 1500-ден астам, биыл жыл басталғалы 60 астам мопед тіркеуге алынған.

Осы орайда, құқық қорғау органдары ата-аналар жиналыстарында, мектеп сабақтарында жол қауіпсіздігі тақырыбындағы түсіндіру жұмыстарын күшейткен.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-kishikum/press/news/details/1206672?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді