Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов инвестициялық жобалардың іске асу барысымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов елордадағы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және өнеркәсіп әлеуетін дамытуға бағытталған бірқатар инвестициялық жобаның іске асу барысымен танысты.

Қалада жүзеге асырылып жатқан негізгі инвестициялық жобалардың орындалу кезеңдері, туындаған мәселелері және қосымша қолдауды қажет ететін бағыттары тұрақты бақылауда. Бұл жобалардың уақытылы іске асырылып, толық қуатында жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін маңызды.

Әрбір жаңа кәсіпорын тұрақты жұмыс орындарын ашуға, тұрғындарды табыспен қамтуға және бюджетке қосымша түсім түсіруге мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға оң әсерін тигізеді.

Жұмыс сапары барысында түрлі дайындық деңгейіндегі жобалар қаралды. Атап айтқанда, 8,8 млрд теңге инвестиция салынған «RnR Group» кешені бүгінде 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Кешен құрамына заманауи көкөніс сақтау қоймасы, нан-тоқаш комбинаты және салынып жатқан сүт өңдеу зауыты кіреді.

Сонымен қатар, құны 4,1 млрд теңгені құрайтын «Heart Center Foundation» медициналық бұйымдар зауыты құрылысының аяқталу кезеңіне жақындады. Ал 6,9 млрд теңге инвестиция тартылған «Астана ЕТКОМ» ет өңдеу зауыты іске қосылу кезеңіне өтіп, шамамен 100 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, өндірістік-логистикалық және цифрлық инфрақұрылым жобалары да қаралды. Олардың қатарында Орталық Азиядағы ірі деректерді өңдеу орталықтарының бірі саналатын, 4 мың серверлік орынға арналған «Akashi Data Center» бар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Астана негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі жөнінен ел бойынша көш бастады. Көрсеткіш 2,5 трлн теңгені құрап, нақты өсім 21,3 пайызға жетті.

Қазіргі уақытта жалпыұлттық пул аясында елордада 1,9 трлн теңгеге 175 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар аясында 24 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған.

 

https://www.instagram.com/p/DXbSoUYiOtG/

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1206572?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді