
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланысын нығайту, тұрғындардың талап-тілектерін дер кезінде тыңдап, нақты шешімдер қабылдау мақсатында аудан әкімдерінің елді мекендерге барып, тұрғындармен тұрақты түрде кездесулері жалғасуда.
Осы орайда аудан әкімі Ермек Карентаев Бірлік ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуге ауыл тұрғындары, сала мамандары және жауапты бөлім басшылары қатысты.
Жиын барысында Бірлік ауылының әкімі Қуаныш Оспанов есептік баяндама жасап, өткен кезеңде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар мен жоспарлар туралы кеңінен ақпарат берді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, тұрғындарға өздерін толғандырған мәселелерді тікелей көтеруге мүмкіндік берілді. Ауыл халқы тарапынан ауыз су жүйесін жаңарту, электр энергиясының тұрақтылығын қамтамасыз ету, жол белгілерін орнату, ауыл шаруашылығы саласындағы, оның ішінде егін және мал шаруашылығына қатысты түйткілдер, елді мекенді газдандыру және медицина мамандарының жетіспеушілігі сынды маңызды мәселелер көтерілді.
Аудан әкімі әрбір сұрақты мұқият тыңдап, бірқатар мәселелер бойынша нақты шешу жолдарын түсіндірді. Ал кешенді түрде қарастыруды қажет ететін мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны атап өтілді.
Мұндай кездесулер – халық пен билік арасындағы тиімді кері байланыстың маңызды алаңы. Тұрғындардың пікірін тікелей тыңдау арқылы нақты жағдайға бейімделген шешімдер қабылданып, елді мекендердің дамуына серпін беріледі.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1207106?lang=kk

Жауап қалдыру