
Орны толмас қаза: 2026 жылғы 22 сәуірде жоғары санатты дәрігер-ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей медицина ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, КСРО мен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі Тажиев Есентай Бодесович дүниеден өтті.
Есентай Бодесович 1947 жылғы 18 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданының Жетісай кентінде дүниеге келген. 1974 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Студент кезінде №2 қалалық клиникалық ауруханада кіші мейіргер, кейін мейіргер болып еңбек еткен. Оқуын аяқтаған соң Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханада интернатурадан өткен.
Еңбек жолын 1963 жылы қарапайым жұмысшы, кеңшар механизаторы ретінде бастап, кейін медицина саласына бет бұрып, кіші мейіргер, мейіргер қызметтерін атқарған. 1975-1978 жылдары Орталық қалалық клиникалық ауруханада хирург-дәрігер болып жұмыс істеді. 1978 жылы аурухананың ең күрделі бөлімшелерінің бірі – хирургиялық инфекциялар бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалды. Аталған бөлімше төрт жыл қатарынан «Үздік бөлімше» байқауында бірінші орын иеленген.
1986-1996 жылдары Алматы №1 қалалық клиникалық аурухананың, ал 1996-2012 жылдары Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері болды. Оның біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің, өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін қасиетінің арқасында аурухана жаңарып, заманауи құрал-жабдықпен толықтырылды, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды. Осы кезеңде Орталық қалалық клиникалық аурухана «Қазақстандағы жыл таңдауы» байқауында (2000-2005 ж.ж.) «Елдің үздік клиникасы» аталымында жеңімпаз атанып, Брюссельдегі Еуромаркет форумында халықаралық марапатқа ие болды.
1991 жылы кандидаттық, 1997 жылы «Хирургиялық ауруларды стационарға дейінгі кезеңде диагностикалау мен емдеудің әдіснамалық және ұйымдастырушылық-клиникалық мәселелері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 65 ғылыми еңбектің авторы. Соның ішінде 7 монография, оқу құралы, 9 әдістемелік ұсыным және 3 өнертабысқа берілген патент бар.
1999 жылы Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының проректоры болып тағайындалды. 2014 жылдан бастап Алматыдағы Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпитальді басқарды. 2017 жылдан С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университеттік клиникасын басқару департаментін басқарды, Бақылау кеңесінің мүшесі болды. 2020 жылдан «Ақсай» университеттік клиникасына жетекшілік етті. Соңғы жылдары С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ омбудсмені қызметін атқарды.
Есентай Бодесович ел өміріне де белсене араласты. 1987-1990 жылдары Қазақ КСР халық депутаттары қалалық кеңесінің депутаты, 1990-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылым депутаты болды. 1994-2012 жылдары Алматы қалалық мәслихатының бірнеше шақырылымында депутат болып, әлеуметтік қорғау және қоғамдық келісім мәселелері жөніндегі комиссияны басқарды.
Оның ұзақ жылғы еңбегі мен ел алдындағы қызметі лайықты бағаланды. Ол «Парасат» орденімен (2004 ж.), III дәрежелі «Барыс» орденімен (2010 ж.) марапатталды. 1996 жылы оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдығына арналған мерейтойлық медалімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «20 жыл», «25 жыл» медальдарымен марапатталып, «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» атағына ие болды (2019 ж.). Сондай-ақ «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «20 жыл», «30 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен (КСРО) марапатталған.
2002 жылғы «Алтын адам – Жыл адамы» республикалық байқауының қорытындысы бойынша медицина саласындағы «Қазақстанның үздік басшысы» аталымында жеңімпаз атанды.
2006 жылы жаңа хирургиялық тәсілдерді әзірлеп, тәжірибеге енгізгені үшін «Алтын скальпель» дипломымен марапатталды.
2021 жылы «Нұр Отан» партиясы төрағасының Алғыс хатын алды. Мақтаарал және Шардара аудандарының “Құрметті азаматы” атанды. «Алтын дәрігер» ұлттық медициналық сыйлығының иегері болды. Ауған соғысы ардагерлері одағының “Ерен еңбегі үшін” Қызыл жұлдыз медалімен, сондай-ақ “Денсаулық сақтау мен медицина ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін” Авиценна сыйлығымен марапатталған.
Есентай Бодесович әріптестері, шәкірттері мен пациенттерінің жадында білікті дәрігер, іскер басшы, кең жүректі, бар ғұмырын адам игілігі мен ел денсаулығына арнаған абзал азамат ретінде қалады.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен медицина қауымдастығы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Жақсының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1206962?lang=kk

Жауап қалдыру