
Астана қаласында өткен RES-2026 Өңірлік экологиялық саммиті аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Азия даму банкінің қатысуымен «Орталық Азияның тұрақты энергетикалық болашағын қамтамасыз ету: таза энергия және инновациялар» тақырыбында негізгі сессия өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық ұйымдар, оның ішінде Азия даму банкі мен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы, сондай-ақ энергетика саласының жетекші сарапшылары мен бизнес өкілдері қатысты.
Сессияны ашқан Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Орталық Азияның таза энергетиканы дамыту үшін зор әлеуетке ие екенін және энергетикалық көшу бойынша маңызды өңірлік орталыққа айнала алатынын атап өтті. Өз сөзінде ол декарбонизация, энергетикалық қауіпсіздік және тұрақты экономикалық өсім арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету қажеттігін ерекше айтты.
Сессияның бірінші бөлігінде қатысушылар жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия жинақтау жүйелерін қоса алғанда, инновациялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ өңірлік энергетикалық интеграция перспективалары мен инвестициялар тарту мәселелерін талқылады. Инвестициялық тәуекелдерді төмендету құралдары мен аралас қаржыландыру тетіктеріне ерекше назар аударылды.
Талқылаудың екінші бөлігі әділ энергетикалық көшу мәселелеріне арналды. Оның ішінде адами капиталды дамыту, әлеуметтік тұрақтылық және жергілікті қауымдастықтарды тарту мәселелері қарастырылды. Қатысушылар Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, энергетика секторын трансформациялауда технологиялық және әлеуметтік аспектілерді қатар қамтитын кешенді тәсілдерді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Сессия қорытындысы бойынша өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту, саясатты үйлестіру және тәжірибе алмасу Орталық Азияда энергетикалық көшу үдерісін жеделдетудің негізгі факторлары екені атап өтілді. Қазақстан тұрақты энергетиканы дамытуға, инновациялық технологияларды енгізуге және халықаралық әріптестікті нығайтуға бейілділігін растады.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және елдің сенімді әрі тұрақты энергиямен қамтамасыз етілуін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1206994?lang=kk

Жауап қалдыру