
Өңірлік экологиялық саммит аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Словакия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қоршаған орта министрі Томаш Тарабамен кездесті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Нұржан Нұржігітов словакиялық әріптестеріне гидротехникалық нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Словакия Республикасының Қоршаған орта министрлігі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану, жерасты суын басқару және мониторинг жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ қайталама және айналымды сумен жабдықтау жүйелерін қоса алғанда, бірқатар негізгі бағыт бойынша екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуды көздейді.
Сонымен қатар меморандум білікті кадрларды бірлесіп даярлауды, ғылыми зерттеулер жүргізуді, деректерді жинау мен өңдеу, су есебін цифрландыру, гидротехникалық нысандардың техникалық жағдайын бақылау, тасқын мен құрғақшылыққа қарсы іс-қимыл және жасанды интеллектіні енгізу салаларында тәжірибе алмасуды қамтиды.
«Словакияның су ресурстарын басқару саласындағы мол тәжірибесі біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. 2025 жылғы маусымда Словакия Республикасының Премьер-министрі Роберт Фицоның Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша біз ынтымақтастық мүмкіндіктерін жан-жақты пысықтадық. Словакия бөгеттер қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай тәжірибеге ие. Сондықтан біз гидротехникалық нысандардағы қауіпсіздікті бақылауға арналған жабдықтар мен техникалық құралдарды енгізуге мүдделіміз. Бұл, өз кезегінде, словакиялық компаниялар үшін перспективалы нарық ашады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1206890?lang=kk

Жауап қалдыру