
ШҚО Полиция департаментінде Тылды қамтамасыз ету қызметі күні атап өтілді
22 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде ішкі істер органдарының Тылды қамтамасыз ету қызметінің құрылған күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Тыл қызметі — бұл тек материалдық жабдықтау ғана емес, бүкіл құқық қорғау жүйесінің іркіліссіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін негізгі тірек. Бұл мерекелік күні жедел уәкілдердің, тергеушілер мен патрульдік полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін толық жауынгерлік дайындықта орындауына жағдай жасап жүрген сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында ШҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Руфат Қажымқанұлы құттықтау сөз сөйлеп, бұл қызметтің қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы маңыздылығын атап өтті:
«Тылды қамтамасыз ету — бұл тәртіп пен қауіпсіздіктің берік іргетасы. Сіздердің еңбектеріңіз көбіне көпшілікке көріне бермейді, бірақ дәл осы кәсібилік пен жауапкершіліктің арқасында жеке құрамның сапалы қызмет атқаруына барлық жағдай жасалады. Іске адалдықтарыңыз бен жүйені дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін».
Іс-шара барысында тыл қызметінің ардагері Ринат Санатов сөз сөйлеп, қызметтің қалыптасу жылдарындағы естеліктерімен бөлісті. Ол кәсіби дәстүрлерді сақтау мен жинақталған тәжірибені жас мамандарға үйретудің маңыздылығына тоқталды.
Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жоғары кәсібилігі және тылды қамтамасыз ету жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін 9 ардагер мен 7 қызметкер ведомстволық наградалармен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Барша тыл қызметінің ардагерлері мен жеке құрамын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және жауапты қызметтеріңізде жаңа табыстар тілейміз!
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1206706?lang=kk

Жауап қалдыру