
Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиевтің төрағалығымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша алқа мәжілісі өтті.
Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Егамбердиева, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, қала және аудан прокурорлары, сондай-ақ әкімдер мен полиция басқармасының бастықтары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өңірде 2,2 млн адамды құрайды, оның ішінде 926 мыңнан астамы 18 жасқа толмағандар.
Түркістан облысында бұл көрсеткіш жоғары деңгейде. Қазіргі таңда өңірдегі 1106 мектепте 555 мыңға жуық оқушы білім алуда.
Соңғы үш жылда жалпы құқық бұзушылықтар саны 7,9 пайызға төмендегенімен, суицид фактілері тұрақты деңгейде сақталып отыр.
Мәжіліс барысында жасөспірімдер арасындағы жағымсыз үрдістердің алдын алу, психологиялық қолдауды күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыру мәселелері қаралды.
Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев білім беру ұйымдарында педагог-психологтардың жетіспеушілігі мен олардың жүктемесінің жоғары екенін атап өтті.
Қолданыстағы нормативке сәйкес бір психологқа 17–20 сынып жүктелуі тиіс болса, іс жүзінде олар 25–45 сыныпқа дейін қызмет көрсетуде.
Бұл өз кезегінде тәуекел тобындағы балалармен жұмыстың тиімділігіне кері әсерін тигізуде.
Прокуратураның бастамасымен 2026 жылы 300-ге жуық мектепте психолог кабинеттерін жабдықтауға қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, мектептердегі ахуалды зерделеу мақсатында балалардың 2GIS қосымшасындағы пікірлеріне талдау жүргізілді.
Нәтижесінде Түркістан қаласында орналасқан 5 мектепте буллинг фактілерінің орын алғаны, сондай-ақ кейбір жағдайларда педагогтердің тиісті шара қолданбағаны анықталды.
Оның ішінде №8 Төреқұлов атындағы мектепте өткен жылы орын алған суицидке оқталу оқиғасына дейін де, одан кейін де оқушылар арасында буллинг болғаны жөнінде мәліметтер тіркелген.
Осыған орай облыс прокуроры буллинг пен суицидтің алдын алу бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды.
Мәжіліс қорытындысымен бірқатар (облыс әкімінің, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мектеп директорлары) лауазымды тұлғалардың қызметке сәйкестігін қарау, сондай-ақ Сайрам ауданындағы білім бөлімі мен психологиялық қолдау орталығы басшыларын қызметтен босату ұсынылып, облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.
Түркістан облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-turkestan/press/news/details/1207235?lang=kk

Жауап қалдыру