Жарқайың ауданында 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша агрокеңес өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жарқайың ауданында 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын дайындау және өткізу мәселелеріне арналған агрокеңес өтті. Кеңеске ғылыми сала өкілдері, агробизнес құрылымдары, мемлекеттік органдар, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, шаруа және фермер қожалықтарының жетекшілері, сондай-ақ жеткізуші компаниялардың өкілдері қатысты.

Кеңес барысында А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғылыми қызметкері Б. Жанзаков көктемгі дала жұмыстарын жүргізу бойынша ұсынымдар берді. Сонымен қатар «Агро Эксперт Груп Казахстан» компаниясының маркетинг жөніндегі директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Д. Мырзақұлова ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологиясы, өсімдіктерді аурулар мен зиянкестерден қорғау мәселелері бойынша баяндама жасады.

Іс-шара барысында егіс алқаптарының құрылымы, тұқыммен және ЖЖМ-мен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы, агротехникалық шараларды жүргізу және егістікті қорғау мәселелері қаралды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының қозғалысы кезіндегі қауіпсіздік шаралары, көктемгі дала жұмыстары кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі, аудан аумағының фитосанитариялық жағдайы, карантиндік нысандар мен шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шаралары талқыланды. «Қазгидромет» ЖШС тарапынан ауа райына қатысты консультативтік болжам ұсынылды.

2026 жылы аудан бойынша жалпы егіс алқабы шамамен 751 мың гектарды құрайды. Оның ішінде жаздық егіс 687 мың гектарға жоспарланған, ал дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 664,9 мың гектарға орналастырылады. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы дақылдар көлемін 14 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. Мал азықтық дақылдар 8,1 мың гектарды құрайды, ал картоп пен көкөніс алқаптары өткен жылдың деңгейінде сақталады.

Ауданда майлы дақылдар егісін одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік бар екені атап өтілді. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту аясында мал азығы базасын кеңейтуге ерекше назар аударылуда. Картоп егіс алқаптарын ұлғайту мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр.

Аудан бойынша тұқыммен қамтамасыз ету толық көлемде жүргізілген: 66 мың тонна тұқым дайындалып, қажеттіліктің 100 пайызын құрап отыр. Оның 91 пайызы зертханалық талдаудан өткен, тексерілген тұқымдардың 95 пайызы белгіленген талаптарға сәйкес келеді.

Көктемгі егіс науқанын өткізу үшін 349 өтінім беріліп, 5 ЖЖМ операторы анықталған. Дизель отынының бағасы литріне 281 теңгені құрап, нарықтық бағадан 15 пайызға төмен. Қазіргі таңда жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша мәселе жоқ.

Көктемгі дала жұмыстарына шамамен 980 трактор, 2425 тұқым сепкіш және 123 жоғары өнімді егіс кешені қатысады. Техниканың дайындығы 100 пайызды құрайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Агротехникалық шаралар толық көлемде жүргізілген. Биыл 665 мың гектар жерде ылғал жабу, 55 мың гектарда тұқым себуге дейінгі өңдеу жұмыстары жоспарланған. Қолайлы ауа райы жағдайында егіс жұмыстарын 20 күн ішінде аяқтау көзделіп отыр.

Егіс науқанынан кейін егісті қорғау шаралары жүзеге асырылады. Арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу 158 мың гектарда жүргізіледі. Сонымен қатар шегіртке зиянкестеріне қарсы өңдеу 33,8 мың гектар аумақты қамтиды.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 6,7 млрд теңге сомасына 63 өтінім қабылданған. Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» және «Көкше» ӘКК АҚ арқылы жүргізілуде.

Кеңес қорытындысында Жарқайың ауданының агроөнеркәсіптік кешені көктемгі дала жұмыстарына толық дайын екені атап өтілді. Белгіленген жоспарлардың сапалы орындалуы мен қолайлы ауа райы жағдайында 2026 жылы мол әрі сапалы өнім алуға берік негіз қаланады деп күтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-zharkain/press/news/details/1206779?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді