«ИНКАЙ» Біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің 30 жылдық мерейтойы – бұл тек уақыт белесі ғана емес, сонымен қатар қажырлы еңбектің, кәсіби шеберліктің және жинақталған тәжірибенің жарқын көрінісі. Үш онжылдық ішінде кәсіпорын тұрақты даму жолынан өтіп, өндірістік әлеуетін арттырып, саладағы сенімді және беделді серіктеске айналды.
Үстіміздегі жылдың 23 сәуір күні Созақ ауданында аталып өтілген «ИНКАЙ» Біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің 30 жылдық салтанатты іс-шарасына Түркістан облысының әкімі Көшеров Нұралхан Оралбайұлы, Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Серғазин Ғұмар Екпінұлы, «Инкай» БК» ЖШС-нің бас директоры Жылқайдаров Біржан Сәкенұлы, Департаменттің «Еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің» басшысы – мемлекеттік еңбек инспекторы Сапарқұлов Ғалымжан Сейдуәліұлы және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды өкілдері мен «Инкай» БК» ЖШС-нің еңбек ұжымы қатысты.
Осы жылдар аралығында «ИНКАЙ» БК» ЖШС-нің ұжымы жоғары жауапкершілік пен кәсібилік танытып, өндірістегі қауіпсіздік, еңбек тәртібі және сапа стандарттарын сақтауда үлгі бола білді. Кәсіпорынның табысты қызметі – бұл ең алдымен білікті мамандардың, ұйымшыл ұжымның және тиімді басқарудың нәтижесі.
Департамент тарапынан кәсіпорынның еңбек қатынастары саласындағы заңнамаларды сақтау, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстары оң бағаланады. «ИНКАЙ» БК» ЖШС-гі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, еңбек мәдениеті қалыптасқан ұйым ретінде танылып отыр.
Үш онжылдықты қортындылаған бұл іс-шара – өткенге қорытынды жасап қана қоймай, болашаққа жаңа мақсаттар қоюға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Алдағы уақытта да «ИНКАЙ» біріккен кәсіпорны өзінің үздік дәстүрлерін жалғастырып, жаңа жетістіктерге жете беретініне сенім мол. Осы айтулы күні кәсіпорын ұжымына зор денсаулық, толағай табыс, тұрақтылық пен жаңа белестер тілейміз!
Жауап қалдыру