
Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев Ақсүйек ауылдық округінің тұрғындарымен жоспарлы кездесу өткізіп, елді мекендегі өзекті мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын тұрғындармен бірге талқылады. Кездесу Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ашық диалог форматында ұйымдастырылып, халық пен билік арасындағы тиімді байланысты нығайтуға бағытталды.
Жиын барысында тұрғындар өз ой-пікірлерін ашық айтып, ауыл өміріне қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ашық сұрақ-жауап форматы әрбір азаматқа өзекті мәселелерді еркін жеткізуге мүмкіндік беріп, шынайы әрі мазмұнды пікір алмасуға жол ашты.
Кездесуде тұрғындар алдымен ауылда жүзеге асырылған оң өзгерістерді атап өтті. Атап айтқанда, ауыз судың тәулік бойы үздіксіз берілуі халық тарапынан жоғары бағаланып, бұл бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі бар екені жеткізілді. Сонымен қатар, тұрғындар қол жеткізілген жетістіктерді сақтап, қалған ұсақ мәселелерді жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, кездесу барысында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ауыл ішіндегі көше жарығын күшейту, қираған және бос тұрған үйлердің аумағын тазарту, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон ашу, сондай-ақ ауылды жаңа жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Бұл ұсыныстардың барлығы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Аудан әкімі Ермек Карентаев көтерілген барлық мәселелерді мұқият тыңдап, тиісті сала басшыларымен бірге нақты тапсырмалар жүктеді. Жекелеген мәселелерді шешу жолдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны айтылып, жауапты бөлімдерге бақылауды күшейту тапсырылды.
Жалпы, Ақсүйек ауылдық округінде өткен кездесу тұрғындардың тек талап қойып қана қоймай, атқарылып жатқан жұмыстарға әділ баға бере алатынын көрсетті. Бұл өз кезегінде халық пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті арттыра түседі.
Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, олардың орындалуы жүйелі түрде қадағаланатын болады. Алдағы уақытта да осындай ашық форматтағы кездесулер жалғасын табады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1207708?lang=kk

Жауап қалдыру