
2026 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Е.С. Кожиков Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь қаласы Муниципалдық экология және қоршаған орта бюросының басшысы Вэнь Чжун мырза бастаған делегациямен кездесті.
Кездесу барысында тараптар экология саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, орнықты даму және «жасыл» технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Қазақстан тарапы экологиялық күн тәртібі мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Елде қоршаған орта сапасын жақсартуға, өнеркәсіптік шығарындыларды азайтуға, қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және ұзақ мерзімді климаттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған шаралар жүйелі түрде іске асырылуда.
Сонымен қатар ірі қалалардағы атмосфералық ауаның сапасы, су қауіпсіздігі, жердің тозуы және өнеркәсіп пен қалалық инфрақұрылымда заманауи экологиялық шешімдерді жедел енгізу қажеттілігі сияқты бірқатар өзекті мәселелер аталды.
Қазақстан тарапы үшін Шэньчжэнь қаласының экологиялық жоспарлау, «парк ішіндегі қала» моделін қалыптастыру, экологиялық таза көлік жүйесін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында инновациялық технологияларды енгізу тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады.
Тараптар Шэньчжэнь қаласының қалалық ортаның сапасын арттыру, «нөлдік қалдық» (zero-waste) тәсілдерін дамыту және экономикалық өсім мен экологиялық тұрақтылық арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету бағытындағы елеулі жетістіктерін атап өтті.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде ауа сапасын мониторингтеу тәжірибесімен алмасу, қалдықтарды қайта өңдеу жүйелерін дамыту, экологиялық таза көлікті енгізу, сондай-ақ жасыл технологияларды трансферлеу және инвестициялар тарту бойынша бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру айқындалды.
Астана қаласындағы қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобасына ерекше назар аударылды. 2025 жылғы 31 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Shenzhen Energy Group Co., Ltd. (ТОО «EAST HOPE») компаниясы арасында аталған жоба бойынша инвестициялар туралы келісімге қол қойылғаны атап өтілді.
Сонымен қатар 2026 жылғы 31 наурызда Астана қаласы әкімдігімен тұрмыстық қатты қалдықтарды жеткізу туралы келісімшарт, ал 2026 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен электр энергиясын кепілді сатып алу туралы шарт жасалғаны хабарланды.
Тараптар 2026 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі деңгейінде Шэньчжэнь делегациясының қатысуымен кездесу өткенін, онда аталған жобаны іске асыру мәселелері талқыланғанын атап өтті. Сол күні қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату нысанының алғашқы тасын қалау рәсімі өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылдың одан әрі дамуы практикалық ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен бастамалардың табысты әрі уақтылы жүзеге асуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1207819?lang=kk

Жауап қалдыру