Кітапхана – ұлттық мұраны сақтаудың алтын көпірі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 23 сәуірде Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжі базасында Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай «Кітапханалардың ұлттық кітап мұрасын сақтау және насихаттаудағы рөлі» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Іс-шараға Павлодар облысының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының кітапханашылары қатысып, ұлттық кітап мұрасын сақтау, оны дәріптеу және заманауи кітапхананың рөлі мәселелерін талқылады. Семинарды колледж басшысы Қ.Т. Смағұлов ашып, қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, облыстық білім беру басқармасының өкілі М.А. Мұсаева кітапханалардың білім беру үдерісіндегі маңызына тоқталды.

Семинар аясында «Ұлттық кітап – ұлт мақтанышы» атты көрме таныстырылып, ұлттық әдеби мұра кеңінен насихатталды. Қатысушылар «Ұлттық тәрбиедегі кітапхананың рөлі», «Жеке тұлғаны қалыптастырудағы кітаптың маңызы», сондай-ақ баспалармен ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Ерекше назар «Жұмысшы мамандықтар әдебиет беттерінде» жобасына аударылып, әдебиет арқылы кәсіби бағдар беру жолдары қарастырылды. Сонымен қатар, кітапхана ісіне заманауи IT шешімдерді енгізу бойынша шеберлік сабағы өтті.

Семинар барысында тәжірибелі кітапханашылар өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды. Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Аталған семинар кітапханалар арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, ұлттық кітап мұрасын сақтау мен насихаттауда маңызды қадам болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1207581?lang=kk