
Маңғыстауда Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық апталығы өтеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсаттары үшін Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл шешім Қазақстанның жаһандық экологиялық және еріктілер қозғалысындағы көшбасшы елдердің бірі ретіндегі рөлін айқындай түседі.
Аталған халықаралық бастаманы ілгерілету және Каспий теңізінің стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің күш-жігерін біріктіріп, теңіз экожүйесін сақтау қажеттігін бірнеше рет атап өтті.
Осы басымдықтарды іске асыру аясында 2026 жылғы 6-12 тамыз аралығында Маңғыстау облысында Caspian Sea Action Week 2026 ауқымды халықаралық іс-шаралар апталығы өтеді. Бұл шара Каспий маңы мемлекеттері кеңістігіндегі ең ірі экологиялық бастамалардың біріне айналмақ. Аталған бастама Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.
Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясындағы «Волонтерлік және экологиялық іс-қимылдар» панельдік сессиясында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов халықаралық іс-шаралар апталығын өткізу тұжырымдамасының жобасын таныстырып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бастаманың маңыздылығына тоқталды.
«Маңғыстау облысы Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық іс-шаралар апталығын жоғары деңгейде өткізуге қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етуге дайын. Біздің мақсатымыз – нақты нәтижелерге қол жеткізу: экологиялық жобаларды іске асыру, волонтерлікті дамыту және Каспийді сақтау бағытында тиімді шешімдер енгізу. Біз үшін бұл алаңның ұзақ мерзімді әсері бар бастамалар мен серіктестіктер қалыптасатын орталыққа айналғаны маңызды», – деді Асхат Оралов.
Осылайша, Маңғыстау облысы Каспий теңізін сақтау бойынша нақты шешімдер әзірлеу үшін үкіметтік емес ұйымдарды, сарапшылар қауымдастығын және еріктілерді біріктіретін халықаралық алаңға айналмақ.
Ақтау қаласында Каспий маңы бес мемлекеттен делегациялар, 20-дан астам өңір өкілдері, сондай-ақ 2000-нан астам қатысушы мен еріктінің келуі күтілуде. Бұл бастамаға деген халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Апталық бағдарламасына Каспий теңізі жағалауын барлық жағалаулас мемлекеттердің қатысуымен ауқымды тазалау жұмыстары, табиғатты қорғау акциялары мен көгалдандыру шаралары, экологиялық фестиваль, инновациялық шешімдерді әзірлеуге арналған хакатон, жетекші сарапшылардың қатысуымен өтетін кездесулер, тікелей қосылу форматындағы сессиялар, сондай-ақ бірлескен шешімдер қабылданатын қорытынды халықаралық саммит енгізілген.
Caspian Sea Action Week 2026 қорытындысы бойынша Каспий теңізінің экожүйесін тұрақты дамыту мен биологиялық әртүрлілігін сақтау бағытында ұсынымдар мен нақты практикалық шаралар әзірленеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1207648?lang=kk

Жауап қалдыру