Мақсат Тұрлыбаев Бішкекте өткен статистиканы жаңғырту жөніндегі халықаралық форумда және ТМД елдерінің статистика қызметтері басшыларының отырысында сөз сөйледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев Бішкекте өткен «Статистикалық бизнес-процестерді жаңғырту: ресми статистиканың жаңа экожүйесін қалыптастыру» атты халықаралық форумға қатысты.

Аталған іс-шара Қырғыз Республикасының ұлттық статистикасының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып, ұлттық статистика органдары мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Форум аясында саланы цифрлық трансформациялау, жасанды интеллект технологияларын енгізу, деректердің баламалы көздерін тиімді пайдалану және ресми статистиканың сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Өз сөзінің басында Мақсат Тұрлыбаев қырғыз әріптестерін мерейтоймен құттықтап, Қырғызстанның статистикалық жүйесінің ғасырлық даму жолының маңызын және оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Баяндамасы барысында Бюро басшысы цифрландыру мен жасанды интеллекттің статистикалық деректерді өндіру үдерістерін түбегейлі өзгертіп жатқанын жеткізді.

«Қазіргі таңда пайдаланушылар тек деректерді ғана емес, терең талдамалық ақпаратты және нақты уақыт режимінде қалыптасатын толық көріністі күтеді. Бұл деректердің жедел қолжетімді болуын, машинада оқылатын форматта ұсынылуын және цифрлық жүйелермен оңай ықпалдасуын талап етеді», – деді ол.

Мақсат Тұрлыбаев статистикалық қызметтің барлық кезеңдеріне жасанды интеллектті енгізу бойынша Қазақстанның практикалық тәжірибесін таныстырды. Атап айтқанда, туристік ағындарды талдау үшін мобильді позициялау деректерін пайдалану, баға статистикасын қалыптастыру және инфляцияны есептеудің дәлдігін арттыру үшін фискалдық чектер деректерін қолдану, құрылымданбаған деректерді өңдеуге арналған машиналық оқыту модельдерін енгізу, сондай-ақ статистикалық ақпарат беру мен кеңес көрсетуге арналған аналитикалық чат-боттарды қоса алғанда цифрлық сервистерді дамыту құралдары ұсынылды.

Форум аясында Мақсат Тұрлыбаев статистикалық әлеуетті дамытуға арналған сессияға модераторлық етті. Қатысушылар кадр даярлау, озық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Сессия спикерлері қатарында Қырғыз Республикасындағы БҰҰ жүйесінің тұрақты үйлестірушісі Антье Граве, Дүниежүзілік банк тобының Қырғыз Республикасындағы өкілдігінің басшысы Хью Ридделл, И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Мирлан Чыныбаев, Қырғыз Республикасының Ұлттық статистика комитеті төрағасының бірінші орынбасары Назира Керималиева болды.

Сессияны аша отырып, ол статистикалық жүйелерді жаңғыртудың басты шарттары ретінде берік институционалдық негіз бен адами капиталды дамытуды атады.

«Статистика – ең алдымен, адам капиталы. Бүгінде іргелі білімді data science және үлкен деректерді талдау дағдыларымен ұштастыра алатын білікті мамандар қажет. Сонымен қатар статистикалық органдардың институционалдық тұрақтылығы мен үздік тәжірибелер алмасуға және инновацияларды жедел енгізуге мүмкіндік беретін халықаралық ынтымақтастықты дамыту айрықша маңызды», – деп атап өтті ол.

Талқылау қорытындылары бойынша форум қатысушылары заманауи цифрлық экожүйелерді қалыптастырудың, ұлттық статистика органдарын құзырет пен талдау орталықтарына айналдырудың, сондай-ақ статистикалық жүйелердің тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/stat/press/news/details/1207623?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді