МАҚТААРАЛДА СУ РЕСУРСТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
«Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Мақтаарал өндірістік бөлімшесінің басшысы Қалмырза Бейсенбаев аудан шаруалары мен Қоғамдық кеңес мүшелері алдында 2025–2026 жылдарға арналған су шаруашылығы саласындағы жұмыстар бойынша есеп берді.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаровтың төрағалығымен өткен кездесуге Мақтаарал аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Махамбет Ердешов пен кеңес мүшелері, сондай-ақ аудан шаруалары қатысты.
Мақтаарал ауданы – ауыл шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі. Ауданда жалпы саны 529 ағын су каналы бар. Оның ішінде 528 канал республикалық меншікте болса, бір канал (К-20) коммуналдық меншікке жатады. Каналдардың жалпы ұзындығы 1152 шақырымнан асады.
2025 жылы өндірістік бөлімше 3280 келісім-шарт жасасып, 55 641 гектар суармалы егістік жерді ағын сумен қамтамасыз етті. Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының рұқсатына сәйкес, 453 млн текше метр су пайдаланылды. Оның 178 млн текше метрі қысқы сор шаю жұмыстарына, ал 265 млн текше метрі жазғы вегетациялық кезеңге бағытталды.
2026 жылға да дәл осындай көлемде – 453 млн текше метр су алу жоспарланған. Ауданда 41 мың гектар жердің сорын шаю көзделіп, қазіргі таңда бұл жұмыстар толық орындалды. Жазғы маусымда 281 млн текше метр су пайдалану жоспарланып отыр. Жалпы, 2026 жылы 3280 келісім-шарт негізінде 52 мың гектар егістік алқапты сумен қамту көзделген.
«Қазіргі таңда су пайдалану келісім-шарттарының басым бөлігі электронды форматқа көшірілуде. 2845 келісім-шарт электронды түрде, 432-сі қағаз жүзінде жасалған. Вегетациялық кезеңге дейін барлық келісімдерді толық цифрландыру жоспарланып отыр. Алайда, 102 шаруашылықта жер құжаттарының сәйкессіздігіне байланысты келісім-шарт жасау қиындық туғызуда. Сонымен қатар, берешегі бар шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде» – деді, өз баяндамасында Қ.Бейсенбаев.
2026 жылы егіс құрылымында бірқатар өзгерістер күтілуде. Мақта алқабы 32,6 мың гектарды құраса, бақша дақылдары 14 мың гектарға дейін ұлғаймақ. Сонымен қатар, көкөніс пен жүгері алқаптары да едәуір арттырылуда. Бұл ретте күріш егуге ешкімге рұқсат етілмейді.
Су жеткізудің тиімділігін арттыру мақсатында каналдарды механикалық тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. 2025 жылы 123 канал тазаланып, олардың жалпы ұзындығы 116,5 шақырымды құрады. Бұл жұмыстарға 4 техника жұмылдырылды. Ал 2026 жылы 184 канал (жалпы ұзындығы 460,9 км) тазаланады деп жоспарланған. Қазіргі таңда оның 26 каналы (84,17 км) тазартылып үлгерді. Жұмыстарға 5 арнайы техника тартылған.
Жиын барысында шаруалар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен сұрақтар көтеріліп, тиісті жауаптар берілді. Су ресурстарын тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жаңғырту және қызмет көрсетуді цифрландыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1208408?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді