
Нұра ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар бойынша кезекті жоспарлы жиын өтті. Жиынға аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, коммуналдық мекеме басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиналыс барысында аудан көлемінде санитарлық тазалықты сақтау, елді мекендерді абаттандыру, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытында жүргізілген жұмыстар қаралды. Жауапты сала басшылары атқарылған іс-шаралар бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша елді мекендерді санитарлық тазарту, арнайы техникаларды пайдалану тиімділігі және әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, алдағы республикалық сенбілік аясында ұйымдастырылатын жұмыстардың барысы талқыланып, нақты учаскелер белгіленді.
Құқық қорғау органдары тарапынан рұқсатсыз қоқыс тастау фактілерін анықтау және алдын алу, сондай-ақ абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғаларға қатысты бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді. Бұл бағытта әкімшілік шараларды күшейту және қоғамдық жұмыстарға тарту тетіктерін қолдану мәселелері қарастырылды.
Коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары тарапынан елді мекендердегі тазалықты қамтамасыз ету, қоқыс шығару жұмыстары, жарықтандыру жүйелерін жаңғырту және жұмыс күшін тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар баяндалды.
Ауыл әкімдері өз округтерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жандандыру бойынша нақты тапсырмалар алды.
Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі тарапынан барлық жауапты құрылымдарға санитарлық тазалықты сақтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, бақылауды күшейту, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шараларды сапалы әрі уақытылы орындау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk/press/news/details/1208329?lang=kk

Жауап қалдыру