
Астана қаласының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар – мемлекеттік институттарға деген азаматтардың сенімін әлсірететін, экономикаға зиян келтіретін және қоғамның орнықты дамуына кедергі келтіретін өзекті мәселелердің бірі. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Азамат Тоқтарбай мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Оның айтуынша, қылмыстық қудалау органдарының негізгі міндеттерінің бірі – кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартумен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимылды тұрақты негізде жүзеге асырып келеді.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша қала аумағында пара беру және алу фактілері бойынша 93 қылмыстық іс тіркелген. Талдау көрсеткендей, мұндай қылмыстардың басым бөлігі жауапкершіліктен жалтару, мәселелерді жеделдету немесе заңсыз артықшылықтарға қол жеткізу мақсатында жасалады.
Азаматтар өз әрекеттерінің заңға қайшы екенін түсіне тұра, лауазымды тұлғаларға ақша немесе өзге де материалдық құндылықтарды беруге барады. Сонымен қатар, лауазымды тұлғаға аз мөлшерде ақша беру де қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрайды.
Тәжірибе көрсеткендей, пара беру тәсілдері әртүрлі: қолма-қол ақша беру; туыстардың немесе таныстардың есепшоттарына онлайн аударымдар; делдалдар арқылы беру; өзге де мүліктік пайда ұсыну», – дейді спикер.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабына сәйкес, (пара беру), саралау белгілері болған жағдайда белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген. Бұл ретте параның қабылданған-қабылданбағанына қарамастан, ұсыныс жасау немесе беру фактісінің өзі жауапкершілікке әкеледі.
Заңнамада пара беру үшін қылмыстық жауаптылықтан босатудың айрықша негіздері көзделген. Қылмыстық кодекс ережелеріне сәйкес, пара берген тұлға егер оған қатысты лауазымды тұлға тарапынан пара талап ету фактісі орын алса немесе ол пара беру фактісі туралы құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органға өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Бұл тетіктер азаматтарды сыбайлас жемқорлық әрекеттерден бас тартуға және әділ сот төрелігіне жәрдемдесуге ынталандыруға бағытталған.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарға басқа тұлғаларды итермелейтін адамдарға да ерекше назар аударылады. Заңнамаға сәйкес, айдап салу да қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Мысалы, сот қылмыстық іс қозғалғанын біле тұра, лауазымды тұлғаларға пара беру үшін азаматты көндіруге әрекет жасаған тұлғаны 8 жылға бас бостандығынан айырды.
«Мемлекеттің ұстанымы – пара бергендерді ғана емес, алғандарды да жауапкершілікке тарту. Қылмыстық кодекстің 366-бабына сәйкес (пара алу), жаза 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыруға дейін жетуі мүмкін. Мысалы, уақытша ұстау изоляторының қызметкері тергеу-қамаудағыларға ұялы телефон қолдануға мүмкіндік бергені және бірнеше рет пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Келтірілген мысалдардан көрініп тұрғандай, лауазымы мен мәртебесіне қарамастан, сыбайлас жемқорлықтың барлық фактілеріне қағидатты құқықтық баға беріледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әрбір азамат заңсыз жолмен «мәселені шешу» әрекеті міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсінуі тиіс», – деп спикер сөзін қорытындылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1208032?lang=kk

Жауап қалдыру