
Таразда оқушыларға есірткінің зияны түсіндіріліп, қызметтік иттердің жұмысы көрсетілді
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен Тараз қаласындағы «Бүркітәлі» мектебінде «Оқушылар есірткіге қарсы» тақырыбында профилактикалық дәріс және акция ұйымдастырылды.
Іс-шараға Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері мен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.
Кездесу барысында мамандар оқушыларға есірткі заттарының зияны мен оны қолданудың ауыр зардаптары туралы жан-жақты түсіндірді.
Жасөспірімдердің өз денсаулығына саналы әрі жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Оқушыларға салауатты өмір салтын ұстану, спортпен және шығармашылықпен айналысу, сондай-ақ тыйым салынған заттарды қолдануға алып келетін қауіп факторларынан аулақ болу жөнінде ұсыныстар берілді.
Әсіресе, кинолог мамандар мен қызметтік иттердің көрсетілімдері қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Демонстрация барысында мамандар тыйым салынған заттарды анықтау тәсілдерін көрнекі түрде көрсетіп, оқушыларға құқық қорғау органдарының жұмысы туралы жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Өткізілген іс-шара жастар арасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігіне айналды.
Акция соңында оқушылар төрт аяқты көмекшілер — қызметтік иттермен естелік суретке түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhambyl/press/news/details/1207495?lang=kk

Жауап қалдыру