
Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің экология және орнықты даму мәселелеріне арналған министрлерінің екінші кездесуі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы төрағалығымен ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысушыларды құттықтап, қазіргі экологиялық сын-қатерлерге жауап беруде өңірлік ынтымақтастықты нығайту мен күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында өңір елдерінің бірқатар ортақ мәселелерге тап болып отырғаны айтылды. Олардың қатарында климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы, жердің тозуы, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және Арал теңізі құрғауының салдары бар. Қатысушылар орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін іс-қимылдарды үйлестіру және бірлескен бастамаларды іске асыру қажеттігін атап өтті.
«Жасыл түркі әлемі» бастамасын ілгерілетуге ерекше назар аударылды. Бұл бастама экологиялық бағытталған саясатты дамытуға, жасыл технологияларды енгізуге және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған.
Кездесу аясында Қазақстан биологиялық әртүрлілікті сақтау, көгалдандыру және экожүйелерді қалпына келтіру, климат саласындағы бірлескен іс-қимылдар, сондай-ақ қалдықтарды орнықты басқару сияқты ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын ұсынды.
Кездесуге ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, сондай-ақ шақырылған қонақтар қатысты.
Кездесу қорытындысында Е. Нысанбаев: «Қазақстан төраға ретінде практикалық шешімдерді әзірлеуге және келісілген бастамаларды іске асыруға әрі қарай да жәрдемдесуге дайын.
Бүгін қабылданатын Декларация Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы экологиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге сенімді негіз болады деп сенемін», – деп атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1208125?lang=kk

Жауап қалдыру