
Экономикалық өсім, жұмыссыздықтың төмендеуі және ірі жаңа жобалардың іске қосылуы — Қарағанды облысында «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың аралық қорытындылары шығарылды.

Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның кеңейтілген отырысында Жол картасының өңір дамуына әсері және қайта қарауды қажет ететін міндеттер талқыланды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жүйелі жұмыстың қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп жатқанын атап өтті.
— «Amanat» партиясымен үйлестірілген жұмыстың арқасында маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өңір экономикасы нығайып, оның тұрақты дамуына жағдай жасалуда. Бірлескен жұмыс алдағы уақытта да облыс тұрғындарының игілігі үшін қойылған мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасы 5,4%-ға өсті. Жұмыссыздық деңгейі 4%-ға дейін төмендеп, бұл елдегі ең төмен көрсеткіштердің біріне айналды. Орташа жалақы 9,2%-ға артты.
Соңғы үш жылда жалпы өңірлік өнім шамамен 27%-ға ұлғайды. Өнеркәсіп секторы күшейіп, инвестициялар мен өңдеуші саладағы өндіріс көлемі артты. Ауыл шаруашылығында да оң динамика байқалады. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік белсенді дамып, 8 мыңнан астам жаңа бизнес ашылды.
Болашаққа бағытталған жобалар да қалыптасып жатыр — 2027 жылға дейін өңірде Теміртауда өнер мектебін, Қарағандыда Оқушылар сарайын және сегіз денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Олардың қатарында позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография орталығы, 300 орындық көпсалалы аурухана және перинаталдық орталық бар.

Сонымен қатар, кейбір жобаларға түзетулер енгізу қажет. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов атап өткендей, барлық іс-шараларды бастапқы жоспар бойынша жүзеге асыру мүмкін болмаған.
— Бұл басымдықтардың өзгеруіне, жобалардың қымбаттауына және инвестициялық жоспарлардың қайта қаралуына байланысты. Жекелеген бағыттар түзетуді қажет етеді, — деді Ермек Алпысов.
Отырыс барысында «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» бағдарламаларына ерекше назар аударылды. Біріншісі аясында 837 микрокредит беріліп, 1128 жұмыс орны құрылды, ал екіншісі бойынша 1,9 млн гектар жер айналымға қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ануар Тюлюбеков нақтылады:
— Қаржыландырудың негізгі бөлігі мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, қайта өңдеуге, өсімдік шаруашылығына, сондай-ақ ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес-жобаларға бағытталған.

Сондай-ақ депутаттар инклюзивті ортаны дамыту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және азаматтардың өтініштерімен жұмыс мәселелерін талқылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1207586?lang=kk

Жауап қалдыру