
Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі Ахмер кентінің тұрғындарымен кездесті. Онда бірқатар өзекті мәселе талқыланды.
Биыл Ахмер кентінде 6 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Сонымен қатар алдағы жылдары қалған көшелерді кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланып отыр.
Өңір басшысы қала әкімдігіне қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, бұл жұмыстарды 2026–2028 жылдар аралығында рет-ретімен аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан үйлерді су және жарықпен толық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық жеткізді. Атап айтқанда, ойын алаңдарын орнату, көше жарығын тарту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды ұсыныстар көтерілді.
«Жарық мәселесін түбегейлі қарап жатырмыз. 10-15 жыл бұрын жіберілген қателіктер бар. Дегенмен, түзелмейтін қателік жоқ. Барлығын ретке келтіреміз. Осы және келесі жылы көше жарығы мәселесі шешімін табады. Ал көшелерге асфальт төсеу жұмыстары алдағы үш жыл ішінде толық аяқталады», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар облыс әкімі «Заря» саяжай алқабына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда көше жарығы, жаяу жүргіншілер жолына қатысты сұрақтар көтерілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовқа көтерілген мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1208690?lang=kk

Жауап қалдыру