«Astana Eurasian Book Fair – 2026»: елордада «Заң мен тәртіп» қағидаты талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордадағы Президенттік орталықта өтіп жатқан «Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында «Заң мен тәртіп» қағидатына орай күн тәртібіндегі мәселелерге де назар аударылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара барысында спикерлер заң мен тәртіп үстемдік құрған елдерде білім мен технология, кітап оқу сияқты өркениет құндылықтары дамитынын жеткізді.

«Мемлекет деген – алып дене. Сол алып денені басқару, игеру керек және әрбір қоғам мүшесінің оған қатысы бар.

Осы тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысының үнемі есімізге салып, құлағымызға құйып отырған «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Адал азамат» жобасының маңызы зор. Мемлекет дүниесіне өзінің дүниесіндей қарау, оны өз мүлкіндей сақтау, сондай-ақ қоғамдық ортада өзін тәртіпті, тәрбиелі ұстау ауызбен айтуға оңай. Ондай мінез, әдет адамға оқу арқылы келеді. Елімізде 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленді, ол бүгінде халықтық мерекеге айналып келеді. Сол ретте бүгінгі халықаралық кітап көрме жәрмеңкесінің де берері мол. Себебі адам бойында асыл қасиеттер оқу-білім арқылы қалыптасады.

Сондықтан қоғамда мемлекеттің болашағына жаны ашитын ұрпақ тәрбиелеу үшін оларды ең бірінші кітаппен достастырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет.

Бүгінде халықаралық кітап көрмесінің халықтық мерекеге айналып келе жатқанына қуанамыз. Оған септік етіп, халықты кітап оқуға үндеуге Астана қаласының әкімдігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі шақырып, осы іске қолдау білдіріп жатқанына көңіліміз толады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қазақ баласының болашаққа нық, сенімді қадам басуына кітап оқудың көмегі зор екенін тағы да баса айтқымыз келеді.

Кітап оқыған адам саналы түрде ешқандай тәртіп бұзуға бармайды. Қоғамдағы тәртіпке әрбір адам баласы жауапты екенін де осы кітап арқылы санаға сіңіру керек деп ойлаймын», – дейді ақын, «АЛЖИР» музей- мемориал кешенінің директоры, ақын, жазушы Дәулеткерей Кәпұлы.

Астана қаласының мемлекеттік архиві Ғылыми зерттеу және қоғаммен байланыс қызметінің ғылыми қызметкері Ұларбек Дәлейұлы да тәртіп бар жерде тыныш, бақытты ел болатынын, тәртіп бар жерде заң орындалатынын жеткізе келе, осы ретте кітап оқудың қандай маңызы бар екенін айтты.

«Біздің ата-бабаларымыз да дала заңымен тәртіпке бағына отырып дұрыс өмір сүрді. Соның арқасында біз үлкен хандықтар құрдық, осы күнге аман-есен жеттік. Заң мен тәртіп дегеннің өзі әр адамның жеке мәдениетіне байланысты нәрсе. Ал адамның мәдениеті, ішкі руханияты қалай қалыптасады, ол кітап оқу, өзінің тарихын білу, өткенін бағамдап, саралау арқылы қалыптасады. Мәдениетті ұлтта тәртіп болады. Тәртіп болған жерде заң орындалады.

Сондықтан бұл қағидат аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды қолдаймыз. Қазір әлемде де саяси ахуал тұрақты еместігін көріп отырмыз.

Сондықтан ел ішінде тұрақтылықты сақтап, тыныштықты бұзбау, егемендігіміз бен тұтастығымызды берік ұстау үшін заң мен тәртіпті түпкілікті қалыптастыруымыз керек», – дейді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1208661?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді