
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанға ресми сапармен келген Оман Сұлтандығы Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саидпен кездесті.
Жиында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қатысты мәселелер талқыланды. Энергетика, көлік-логистика, тау-кен өндіру, металлургия, цифрлық салалар, АӨК, туризм және т. б. салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге назар аударылды.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мәртебелі Сұлтанның Астанаға алғашқы ресми сапарына айрықша мән береді. Оман Сұлтандығы – Қазақстанның Таяу Шығыстағы және бүкіл араб әлеміндегі сенімді серіктесі. Қазақстан Үкіметі Оманмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамыту, екіжақты қарым-қатынастарды нығайту, инвестициялық байланыстарды кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын», — деп атап өтті Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов.
«Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан “Достық” орденін алу мен үшін үлкен мәртебе болды. Оман Сұлтандығы мен Қазақстан арасында берік әріптестік байланыстар орнаған, біз оларды одан әрі нығайтуға және дамытуға дайынбыз. Қазірдің өзінде инвестициялық ынтымақтастық жолға қойылған салалар бар. Біз сондай-ақ энергетика, жаңартылатын энергия көздері, технологиялар, қаржы секторы сияқты және басқа да бағыттарға басымдық беруді жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Оман Сұлтандығы Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид.
Қазақстан мен Оманның бірлескен портфелінде құны $3 млрд-ты құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба, оның ішінде энергетика және теміржол тасымалы салаларында $1,1 млрд болатын 2 жоба іске қосылды. Қазір кенді қайта өңдеу саласындағы жобалар жүзеге асырылу сатысында.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру мақсатында күш-жігер біріктіруге мүдделі екендерін жеткізді. Атап айтқанда, кәсіпорындарды жаңғырту мен технологиялық дамытуға баса назар аудара отырып, тау-кен өндіру және мұнай-газ саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарға назар аударылды.
Қазақстанның Орта дәліздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарын ескере отырып, логистика саласындағы түйісу нүктелері белгіленді. Екі мемлекеттің экономикасы мен өзара сауданың дамуына өңдеу кәсіпорындарын құру, ауыл шаруашылығы саласындағы технологиялармен алмасу және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы ұзақ мерзімді келісімдер жасасу жөніндегі бірлескен шаралар да ықпал етеді.
GovTech және жасанды интеллект саласындағы жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отырған цифрлық сала перспективалы бағытардың бірі болып танылып отыр.
Экотуризмді, қонақ үй және сервистік бизнесті дамытуда, мәдени және табиғи көрікті жерлерді насихаттауда тәжірибе алмасудың маңыздылығы атап өтілді.
Тараптар Қазақстан мен Оман арасындағы барлық басым бағыттар бойынша ынтымақтастық пен әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.
*****
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Оман Сұлтандығы Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саидтың қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ мен Oman Investment Authority арасында инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі шарттары (Heads of Terms) туралы келісімге қол қойылды.
Құжат бірлескен инвестициялық платформаны қалыптастыру, жаңа қазақ-оман кәсіпорындарын, инвестициялық қорларын және басымдық негізде бірлесіп инвестициялаудың өзге де тетіктерін іске қосу үшін институционалдық негіз қалайды.
Келісім өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, логистика, тау-кен өндіру саласын және тағы да басқа қоса алғанда, экономиканың басым секторларында жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Инвестицияларды Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығының аумақтарындағы қолданыстағы активтерге де, жаңа жобаларға да бағыттау жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-muscat/press/news/details/1208525?lang=kk

Жауап қалдыру