Қызылордалық полицейлерге жаңа қызметтік көліктер берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев полиция қызметкерлеріне салтанатты түрде су жаңа қызметтік көліктердің кілтін табыстады. Қызылорда облысы Полиция департаментінің автопаркі жаңа көліктермен толықты. Автокөліктерді табыс ету рәсімі Қызылорда қаласының Сол жағалауындағы «Қайсар Арена» стадионында өтті.

Облыс әкімдігінің қолдауымен патрульдік полиция қызметкерлері су жаңа қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді.

Қызылорданың Сол жағалауында бой көтерген жаңа стадионда өткен салтанатты шарада облыс әкімі сөз сөйлеп, өңірде Полиция департаменті бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында тиімді шаралар қабылданғанын атап өтті. Көліктерді тапсырып, өңірдегі қауіпсіздіктің артатынына сенім білдірді.

Бүгінде өңірімізде құқық қорғау органдарын материалдық-техникалық тұрғыда нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Табысталып отырған көліктер полиция қызметін жаңғырту және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі.

«Міне, бүгін өздеріңіз көріп отырғандай, аймақ басшысының қатысуымен полиция қызметкерлеріне қызметтік автокөліктерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары – адам мен азаматтың өмірі мен құқықтарын қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құқық қорғау органы.

Осы тұрғыда жүктелген міндеттерді сапалы орындау және халықпен тікелей жұмыс істейтін жеке құрамның күнделікті қызметіне қолайлы жағдай жасау мақсатында Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы мен аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы тарапынан жүйелі қолдау көрсетілуде.

Соның бір дәлелі – аймақ басшысының қолдауымен жергілікті бюджет есебінен 114 қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты – біздің қызметіміздің негізгі өзегі. Көрсетіліп отырған қолдау жүктелген міндеттерді тиімді орындауға елеулі серпін беретіні сөзсіз.

Күндіз де, түнде де, ыстықта да, суықта да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығы мен құқықтарын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жеке құрам көрсетіліп жатқан бұл қолдауды терең түсініп, қабылдаған антына адал болып, ел игілігі үшін алдағы уақытта да сапалы қызмет атқара береді» деді Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов.

Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Олар сенімді байланыс құралдарымен, бейнетіркеу жүйелерімен, бағыттау құрылғыларымен, арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен, сондай-ақ жедел қызмет атқаруға қажетті басқа да техникалық мүмкіндіктермен жабдықталған. Бұл тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуі мен жұмысының сапасын арттырады.

Полицейлердің айтуынша жаңа автокөліктердің берілуі қызметкерлердің жұмыс өнімділігіне тікелей әсер етеді.

«Жаңа автокөлік алу – әрбір полицей үшін үлкен жауапкершілік. Бұл көлік біздің күнделікті қызметімізді жеңілдетіп, тапсырмаларды жылдам әрі сапалы орындауымызға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы технологиялармен жабдықталғандықтан, қауіпсіздік деңгейі де жоғары. Біз үшін ең маңыздысы – халықтың тыныштығын сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан бұл көлік – тек ыңғайлылық емес, үлкен сенім мен міндет» дейді Қызылорда қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының инспекторы полиция аға лейтенанты Жұбатханов Алихан.

Жаңа автокөліктермен тәртіп сақшыларының қызмет атқару сапасы артып, құқық бұзушылық пен қылмысқа жол бермеуге, ел тыныштығын күзетіп, темірдей тәртіпті сақтап жүрген полицейлер қызметінің жеделдігін арттырып, облыстағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өз септігін тигізбек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1208539?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді