«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы телекөпірге 5 мыңнан астам тұрғын қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен телекөпір өтті. Оған Абай облысының жұртшылығы да бейнережим арқылы қосылды. Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында өткен шараға облыс әкімі Берік Уәли, өңірдің  зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, білім, медицина, спорт саласының қызметкерлері, студенттер, жалпы саны 5 мыңға жуық адам қатысты.

Облыс әкімі телекөпірден соң сөз сөйлеп, «Таза Қазақстан» бастамасының маңызына тоқталып, тазалық мәдениетін қалыптастыру баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

«Жаңа ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен телекөпірде Президентіміз «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының мәні тереңде екенін атап өтіп, барша қазақстандықтарды тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Шын мәнінде, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы – бұл бір реттік акция емес, жыл бойы жалғасатын жақсы дәстүрге айналуы тиіс. «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында облысымызда жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Біз былтыр сәуір айында аталған бағдарлама шеңберінде өңірімізде жалпыөңірлік сенбілік бастаған болатынбыз. Соның нәтижесінде тазалық науқандарына 349 мыңнан астам тұрғын атсалысып, 52 мың тонна қоқыс шығарылды. Көгалдандыру жұмыстарының нәтижесінде 70 мыңнан астам көшет егілді. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 191 рұқсат етілмеген қоқыс орындары жойылды. Биыл да бұл бағытта бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. Облысымызда 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы іске асыру жөніндегі 44 іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспары бекітілген. Аталған жоспар аясында 2026 жылға 32 іс-шара көзделген. «Сана тазармай, қала тазармайды». Туған қаламыздың, облысымыздың тазалығына бей-жай қарамайық. Қоғамдық орынның тазалығы – әр адамның мәдениеті мен ұлтқа деген құрметінің айнасы. Тазалықты сақтау – тек тәртіп емес, бұл – ішкі құндылығымыз. Алыптар түлеген киелі топырақтың ажарына әр беру – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз! Баршаңызды жалпыөңірлік сенбілікке, ағаш отырғызу шараларына белсенді қатысуға шақырамын», – деді Берік Уәли.

Биылғы жылдың 3 сәуір мен 31 мамыры аралығында өңірімізде елді мекендерді тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша санитарлық-экологиялық екі айлық өткізілуде. Осы кезеңде ұйымдастырылған сенбіліктерге 29 643 тұрғын, 2040 ұйым және 461 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 12 218 аула, 97 саябақ пен сквер және 57 ескерткіштің аумағы тазартылып, полигондарға 2897 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Көгалдандыру жұмыстары аясында биыл 67 мың ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, 240 гектар аумақты қамтитын автомобиль жолдарының бойында орман жолақтарын отырғызу жұмыстары жүргізілуде.

Қоғамдық тәртіп пен санитарлық тазалықты сақтау мақсатында 4171 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 9,1 млн теңге айыппұл салынды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1208625?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді