Жарма ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында тазалық шарасы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданының Ортабұлақ ауылында «Таза Қазақстан» бағдарламасының «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өткен экологиялық шараға қатысты. Тазалық жұмыстары «Әулие бұлақ» бастауы маңында ұйымдастырылды. Шара барысында бұлақтың айналасына шырша көшеттері отырғызылды. Акцияға ауыл тұрғындары, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

«Әулие бұлақ» – жергілікті халық үшін киелі әрі емдік қасиеті бар табиғи су көзі. Бұлақ суы асқазан, тері аурулары сияқты сырқаттарға шипа болып, мұнда арнайы келіп ем алатындар да бар.

Шара барысында аймақ басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңызына тоқталып, ауыл тұрғындарын тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырды.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында телекөпір өтті. Шара аясында Президентіміз бұл экологиялық бастаманың мәні тереңде екенін атап өтіп, барша қазақстандықтарды тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Шын мәнінде, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы – бұл бір реттік акция емес, жыл бойы жалғасатын жақсы дәстүрге айналуы тиіс. Бүгін «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында тарихы терең, табиғаты көркем, Мұрат Қалматаев секілді белгілі тұлғалар шыққан Ортабұлақ ауылына арнайы келіп отырмыз. Аталған акция шеңберінде облысымызда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы облыста 135 өзен, бұлақ және су айдындарының жағалауы тазартылып, 141 тонна қоқыс шығарылды. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, 14 бұлақтың көзі ашылып, аумағы абаттандырылды. Барлықтарыңызды табиғатты, қоршаған ортаны аялауға, осындай көркем жерлерді көздің қарашығындай сақтауға, алдағы уақытта бұлақ маңына жасыл желекті көбірек отырғызуға шақырамын», – деді Берік Уәли.

Облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Былтыр өңір бойынша өткен сенбіліктерге 349 мыңнан астам адам қатысып, 52 мың тонна қоқыс шығарылды. Көгалдандыру аясында 70 мыңнан астам көшет отырғызылып, 191 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды. Биылғы жылдың 3 сәуірі мен 31 мамыры аралығында санитарлық-экологиялық екі айлық өткізіліп, оған 29 643 тұрғын, 2040 ұйым және 461 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 12 218 аула, 97 саябақ пен сквер және 57 ескерткіш аумағы тазартылып, 2897 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.

Облысымызда 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы іске асыру жөніндегі 44 іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспары бекітілген. Аталған жоспар аясында 2026 жылға 32 іс-шара көзделген. Биылғы жылдың 3 сәуір мен 31 мамыры аралығында өңірімізде елді мекендерді тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша санитарлық-экологиялық екі айлық өткізілуде. Осы кезеңде ұйымдастырылған сенбіліктерге 29 643 тұрғын, 2040 ұйым және 461 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 12 218 аула, 97 саябақ пен сквер және 57 ескерткіштің аумағы тазартылып, полигондарға 2897 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Көгалдандыру жұмыстары аясында биыл 67 мың ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, 240 гектар аумақты қамтитын автомобиль жолдарының бойында орман жолақтарын отырғызу жұмыстары жүргізілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1208638?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді