
Кітап – тек білім мен ақпараттың көзі ғана емес, ұлттың тарихы, мәдениеті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Кітап – өткенді танытатын кілт, болашаққа бастайтын жол» деп атап көрсеткен. Қазіргі заманда технология қарқынды дамып, ақпарат ағыны күн санап артып келе жатқанымен, кітаптың орны ешқашан бөлек. Қоғамның дамуы мен рухани өрлеудің берік тірегі саналатын кітапхананың орны – қашан да ерекше. Білім мен мәдениеттің алтын діңгегіне айналған кітапханалар – ұлттың рухани тірегі, ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кітапхана жұмысын жандандыруға әркез көңіл бөліп келеді. Ауданымызда жыл өткен сайын аудан кітапханаларының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді.
Өткен аптада Ұлттық кітап күні және Кітапханашы күні кәсіби мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Кітап әлеміне қош келдіңіз!» атты мерекелік шара өтті. Іс шара барысында кітап көрмелері, арнайы жобалар және басқа да түрлі бағдарламалар ұсынылды.
Шараға Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков, Сарысу аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Бақыт Жұмағұлов, қазақ руханиятының дамуына үлес қосқан талантты жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» конкурсы Бас жүлдесінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Пернебай Дүйсенбин, аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы мен ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, бірқатар мекеме басшылары, аудандық және ауылдық кітапхана саласының мамандары қатысты.
Аудандық мәслихат аппаратының басшысы Бақыт Жұмағұлов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі үшін және кәсіби мерекеге орай бірқатар кітапхана саласының мамандарын Сарысу ауданының Құрмет грамотасы және Сарысу аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады. Шараның соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Адамзаттың ғасырлар бойы жинаған асыл мұрасын сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізуші киелі мамандық иелері. Кітапханашылардың тынымсыз еңбектеріңің арқасында ағартушылықтың дәстүрлері сақталып, дамып келеді, туған сөзге және тарихқа деген құрмет тәрбиеленуде. Өз мамандықтарын мақтаныш тұтып, еңбектері еленіп, оқырмандарына рухани байлық сыйлап, жетістіктерімен қуанта беретініне сеніміміз мол.
Еліміздің бай, әрі көрнекті мәдени құндылықтарын дамытудағы кітапханашылардың еселі еңбектері үшін алғысымызды білдіреміз.
Білімді қоғам қалыптастыру жолында елеулі қызмет атқарып жүрген кітапханашылардың еңбегі жемісті болсын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-sarysu/press/news/details/1209683?lang=kk

Жауап қалдыру