Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективалары Еуропадағы сарапшылық конференцияда таныстырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шантийи, 2026 ж. 24 -26 сәуір  – Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы Елшісі Роман Василенко шақырылған спикер ретінде Франция халықаралық қатынастар институты (IFRI) ұйымдастырған «Фрагментация мен өзара тәуелділік арасында: жаһандық басқаруды қайта пайымдау» тақырыбындағы 18-ші жыл сайынғы «Әлемдік саясат конференциясының» (World Policy Conference) жұмысына қатысты.

«Еуропалық Одақ стратегиялық әріптес ретінде: Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия көзқарасы» атты сессияда сөз сөйлеген қазақстандық дипломат Еуроодақтың еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық әріптесі ретіндегі тартымдылығын атап өтіп, жалпы алғанда Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен өзара іс-қимылды кеңейтуге өсіп келе жатқан бейілділігін көрсетті. Осы тұрғыда ол 2025 жылғы 3-4 сәуірде Самарқандта өткен тарихтағы алғашқы «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммитінің табысты өткенін еске салды, оның қорытындысы бойынша екі өңір арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық әріптестік деңгейіне шығару жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген болатын.

Қазақстан көзқарасы тұрғысынан Еуроодақтың «Global Gateway» бастамасы мен Қытайдың «Белдеу және жол» жобасының өзара толықтырушы сипатын атап өткен ҚР Елшісі Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы көлік және логистика (ең алдымен, Транскаспий халықаралық көлік бағытын немесе «Орта дәлізді» кеңейту), аса маңызды шикізат материалдары, дәстүрлі және «жасыл» энергетика, зерттеулер мен инновациялар салаларындағы ынтымақтастықтың серпінді дамуы мен зор перспективаларын атап өтті.

Қазақстан ұлттық мүдделерді ескеретін теңгерімді әрі прагматикалық сыртқы саясатты жүзеге асыра отырып, Еуропалық Одақпен басым әріптестердің бірі ретінде стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екені атап көрсетілді.

«Біздің қатынастарымыздың даму жолы орасан зор болды. Бұған Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жан-жақты келісімнің жасалуы, елімізде 4 мыңнан астам еуропалық компанияның қызметі, Еуропалық Одақтан экономикамызға 200 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция тартылуы, сондай-ақ көшбасшыларымыз арасындағы ашық әрі сындарлы диалогтың сақталуы дәлел бола алады. Ынтымақтастығымыздың одан арғы табысының кепілі – өзара құрмет пен өзара тиімділік негізінде басым салалардағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі уағдаластықтарды тиімді әрі жедел түрде іс жүзінде іске асыру», – деп атап өтті Елші.

Осы тұрғыда Р. Василенко Қазақстан халқының жаңа Конституцияны қабылдауы халықаралық қоғамдастыққа, соның ішінде Еуропалық Одаққа, еліміздің өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге ден қоюда, сондай-ақ болашақ күн тәртібін қалыптастыруда тұрақты, өзіне сенімді және болжамды серіктес ретінде сындарлы өзара іс-қимылға бейілділігі туралы айқын белгі жолдайтынын атап өтті.

Сессияға сондай-ақ Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Лаша Дарсалия, Армения Сыртқы істер министрінің орынбасары Ваган Костанян және Гарвард университеті жанындағы Белфер орталығының аға ғылыми қызметкері Дмитро Кулеба (Украинаның бұрынғы Сыртқы істер министрі) қатысты.

Пікірталасқа қатысушылар геосаяси күйзелістер жағдайындағы Еуропалық Одақтың қазіргі трансформациясын, трансатлантикалық қатынастар эволюциясын және Еуропаның әлемдегі өзгеріп жатқан рөлін талқылады. Еуропалық Одақтың халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына адалдығын сақтаудың маңыздылығы атап өтілді.

Жалпы алғанда, конференцияға Еуропа, Азия және Солтүстік Американың жетекші талдау орталықтары мен жеке компанияларының басшыларымен қатар Сербия Президенті Александр Вучич, Руанда Президенті Поль Кагамэ, Франция Сенатының төрағасы Жерар Ларше, Румыния, Польша, Біріккен Араб Әмірліктері, Кот-д’Ивуар және басқа да елдер үкіметтерінің өкілдері қатысты.

Конференция барысында Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мен әлеуетін нығайтуда, сондай-ақ халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасын қалыптастыруда әртүрлі құрлықтардағы «орта державалардың» рөліне ерекше назар аударылды. Қазақстанды қоса алғанда, мұндай мемлекеттердің белсенді тартылуы мен өзара іс-қимылы жаһандық қайшылықтарды шешуге және әлемдік прогреске қол жеткізуге елеулі үлес қоса алатыны атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1208786?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді