Қонаевта құқық қорғау органдары орталық мешітте кибералаяқтық пен есірткі қылмысының алдын алу бойынша жұмыс жүргізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Алматы облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен, сондай-ақ прокуратура өкілдерімен бірлесіп Қонаев қаласының орталық мешітінде профилактикалық жұмыс жүргізді.

Профилактикалық іс-шара жұма намазы күні ұйымдастырылды. Бұл күні мешітке түрлі жастағы және әртүрлі әлеуметтік санаттағы азаматтар көптеп келеді. Осындай формат интернет-алаяқтықтың заманауи тәсілдері мен есірткі қылмысына қарсы күрес туралы маңызды ақпаратты кең аудиторияға жеткізуге мүмкіндік береді.

Полиция және прокуратура қызметкерлері жамағатқа алаяқтар жиі қолданатын алдау тәсілдері туралы айтып берді. Әсіресе, банк, құқық қорғау органдары немесе ұялы байланыс операторларының атынан хабарласатын жалған қызметкерлер, несие рәсімдеу арқылы жасалатын алаяқтық, фишингтік сілтемелер мен жалған интернет-дүкендер мәселесіне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ азаматтарға жастар арасындағы есірткі қылмысының алдын алу шаралары түсіндірілді. Қатысушыларға тыйым салынған заттарды қолдану мен таратудың салдары, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы айтылды.

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында мұндай кездесулер алдағы уақытта да өңір тұрғындарын кеңінен қамтуға мүмкіндік беретін өзге де алаңдарда жалғасатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1209500?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді