
Шымкент қаласында Сервис және қызмет көрсету саласының «Сән технологиясы» бағыты бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында MasterSkills республикалық кәсіби шеберлік конкурсының ашылу салтанаты өтті. Аталған байқау педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, сән технологиясы саласындағы озық тәжірибелерді дамыту және кеңінен тарату мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Салтанатты жиында сөз алған «TALAP» коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Бақытжан Биекова республикалық конкурстың маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сән саласы – баршамызға мәлім, жыл сайын жаңартылып, заман талабына сай өзгеріп отыратын сала. Бүгінгі байқау педагогтердің тек кәсіби шеберлігін анықтап қана қоймай, шығармашылық пен инновация тоғысқан алаң болғалы тұр. Сән байқауы бірнеше күнге созылып, мықты педагогтерді анықтайтын боламыз, – деді ол.
Ал, Жеңілөнеркәсіп және сервис колледжі директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Меруерт Бекманова конкурстың қалай өтетіндігі туралы айтып өтті. Оның айтуынша, кәсіби шеберлік конкурсы 5 модуль бойынша ұйымдастырылған. Қатысушылар алғашқы кезеңде теориялық білімін тест тапсырмалары арқылы дәлелдейді. Қалған төрт модульде әйелдерге арналған көктемгі және күзгі маусымға лайықталған тренчті әзірлеу кезең-кезеңімен бөлініп берілген. Атап айтқанда, қатысушылар эскиз жасау, техникалық сызбасын әзірлеу, модельдеу және лекало дайындау жұмыстарын орындайды. Соңғы модульде олар кәсіби шеберліктерін көрсетіп, 15 сағат ішінде тренчті тігіп шығуы тиіс.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1209919?lang=kk

Жауап қалдыру