Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты. Ауылдық жерде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бұл жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.
Сапар барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығының маңызды бағыты – балық шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған кәсіпкерлермен кездесті. Қазіргі таңда Үшқайықта іске асырылып жатқан жобалар алғашқы өнімдерін беріп, нарыққа жол тартты.
Бірінші жоба аясында интенсивті технология қолданылған балық өсіру кешені іске қосылып, алғашқы өнім алынды. Аумағы 1,2 гектарды құрайтын кешендегі бассейннің сыйымдылығы 16 000 текше метрді құрайды. Бүгінде мұнда өсірілген сазан балықтары сатылымға шығарылып, Түркістан және Кентау қалаларының сауда орындарына жеткізілуде. Жалпы 2 миллион уылдырық салынып, нәтижесінде 500 мың шабақ өсіру көзделген. Кәсіпорында 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Екінші жоба бойынша да алғашқы нәтижелер бар. Қазіргі таңда 3 бассейн іске қосылып, бекіре мен сазан балықтары өсірілуде. Кәсіпорын алғашқы өнімдерін алып, оларды Түркістан және Кентау қалаларындағы дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына сатылымға шығаруда. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жылына 20 тоннаға дейін балық өндіру жоспарланып отыр. Мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аудан әкімі кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау білдіріп, жергілікті атқарушы билік тарапынан қажетті көмек жалғасатынын атап өтті.
«Ауыл шаруашылығын әртараптандыру – басты міндеттердің бірі. Балық шаруашылығының дамуы – нақты нәтиже беріп отырған бағыт. Бұл – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді Мақсат Таңғатаров.
Сауран ауданында бұған дейін жылыжай, мал шаруашылығы және егіншілік бағытында бірқатар жобалар жүзеге асқан. Енді балық шаруашылығы да алғашқы өнімін беріп, аудан экономикасының жаңа әрі перспективалы саласына айналып отыр.
Жауап қалдыру