Заң үстемдігі: жас ұрпақ тәрбиесінің өзегі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстанда «Заң мен тәртіп – қауіпсіз әрі тәрбиелік білім беру ортасының негізі» атты облыстық құқықтық форум өтті. Өңір білім беру кеңістігінде өзекті мәселелерді көтерген жиын облыстық білім басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды.

Форум алаңы бүгінгі қоғам үшін аса маңызды тақырып — балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін жан-жақты талқылауға арналды.

– Балаларымыздың қауіпсіздігі мен болашағына тікелей жауапты азаматтардың бас қосуы – аса маңызды. Бұл – қоғам үшін өзекті мәселе. Тақырып маңыздылығы күн санап артып келеді. Мемлекет басшысы да өз сөздерінде заң мен тәртіптің қоғам өміріндегі орны ерекше екенін бірнеше рет атап өтті. Заңның үстемдігі мен әділдік қағидаттары қоғамдық өмірдің негізгі тірегіне айналуы тиіс. Бұл қағидаттар ең алдымен жас ұрпақтың бойында қалыптасуы қажет. Ал оны жүзеге асыратын негізгі орта – білім беру жүйесі, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек құқықтық тәрбие жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар құқық қорғау органдарымен және «Заң және тәртіп» қағидаттарына мүдделі өзге де құрылымдармен тығыз байланыста жүзеге асырылуда.

– Құқықтық сауаттылық – осы күннің басты талаптарының бірі, оны бала бойына ерте жастан, мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру қажет. Осы орайда ата-аналармен, полиция департаментімен және өзге де серіктес мекемелермен бірлескен әрекет арқылы алдағы нақты практикалық шараларды айқындау – форумның басты мақсаттарының бірі, – деді Алима Ақылбек.
Ал ШҚО прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Жандос Қоңыров бұл бастаманың қоғам үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Оның пікірінше, құқықтық тәртіпті орнықтыру – тек құқық қорғау органдарының емес, ең алдымен білім беру ұйымдары мен ата-аналардың ортақ міндеті.

– Форумда аудиторияның негізін білім беру ұйымдары құрайтыны анық. Балаларды тәрбиелеу ісінде дәл осы сала, ата-аналар қауымдастығымен қатар, шешуші рөл атқарады. Сондықтан біз бүгін күш-жігерді біріктіру мәселесін көтеріп отырмыз – бұл заң мен тәртіп қағидаттарын ілгерілетудің маңызды шарты. Өйткені заң мен тәртіп бар жерде адалдық та, балалардың заңға құрметпен қарауы да қалыптасады. Ең өзекті мәселелердің бірі – балалардың заңды білмеуі немесе жеткілікті деңгейде түсінбеуі, кейде отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен олардың күрделі жағдайларға тап болуы. Осындай себептермен кейбір балалар тіпті қылмыстық жауапкершілік шеңберіне ілініп жатады немесе түрлі зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Біздің мақсат – әр бала үшін оның тұлға ретінде қауіпсіз әрі үйлесімді дамуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру, – дейді Жандос Қайратбекұлы.
ШҚО Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аксана Каленова форумның мазмұны мен маңызын кеңінен тарқатты. Заң және тәртіп қағидаттарына негізделген тәрбиелік әрі білім беру ортасын қалыптастыру – мемлекет болашағына тікелей әсер ететін фактор екенін атап өтті.

– Бұл бағытта білім беру ұйымдарының жауапкершілігі артып отыр. Қазіргі кезде мектеп психологтарының, педагогтердің рөлі күшейіп, олар баланың тұлға ретінде қалыптасуына, құқықтарының сақталуына, жан-жақты дамуы мен тәрбиесіне тікелей ықпал етуде. Сонымен қатар, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы аясында жаңа қауіп-қатерлер де пайда болуда. Балалар үшін тәуекелдер көбейіп отырғандықтан, біз бұған дайын болып, тиімді алдын алу шараларын қабылдауымыз қажет. Бұл шаралар кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың да, олардың өз тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың да алдын алуға бағытталуы тиіс. Бүгінгі форум дәл осы мәселелерді талқылауға, баланың құқықтарын қорғаудың тиімді тәсілдері мен тетіктерін айқындауға арналған, – дейді Аксана Каленова.
Форум жастар үшін стратегиялық мәнге ие маңызды алаңға айналды. Заң мен тәртіп қағидаттарын бала бойына сіңіру ел ертеңіне салынған берік негіз. Ал қауіпсіз әрі тәрбиелік білім беру ортасын қалыптастыру – бұл бағыттағы ең басты міндеттердің бірі болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-sayasat/press/news/details/1209459?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді