
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай ауданда ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылды. Шеруге 100 жуық оқушы мен ата-ана қатысты.
Айтулы шараға түрлі этнос өкілдері қатысып, өздерінің дәстүрлі киімдерін көпшілікке паш етті. Мерекелік шерудің басты мақсаты – ел ішіндегі татулық пен келісімді нығайту, әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау.
Шеру барысында 50- ден астам әр түрлі қазақтың ұлттық шапаны мен камзолы, ою-өрнекпен безендірілген сәукелесі ерекше көзге түсті. Сонымен қатар орыс халқының сарафаны, өзбек халқының шапаны мен тақиясы, украиндардың кестелі жейдесі, татар халқының ұлттық киімдері де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Әрбір киім үлгісі өз ұлтының тарихы мен болмысынан сыр шертетіндей әсер қалдырды.
Іс-шара аясында қатысушылар ұлттық әндер шырқап, би билеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көрермендер әр ұлттың мәдени ерекшеліктерімен жақынырақ танысып, бірлік пен достықтың маңызын тағы бір мәрте сезінді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар ел ішіндегі ынтымақ пен өзара құрметті арттыруға үлкен үлес қосады. Ұлттық киім шеруі – көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін айшықтайтын жарқын көрініс болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1210477?lang=kk

Жауап қалдыру