
Өңірде көлік желісін дамыту қорытындылары шығарылып, осы маусымға арналған жоспарлар бекітілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков жолдарды жаңғырту және вокзалдарды жаңарту жұмыстары туралы мәлімдеді.
Сапалы жолдар өңірді дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 900 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделді. Жұмыстар «Астана – Қорғалжын» және «Көкшетау – Рузаевка» республикалық трассаларын да, ауыл көшелерін де қамтыды. Талапкер, Қоянды, Қараөткел, сондай-ақ Атбасар, Державинск және Зеренді сияқты аудан орталықтарын қоса алғанда, барлығы 57 елді мекенге жаңа асфальт төселді.
«Біз ұзақ уақыт бойы жөндеусіз қалған учаскелерді жоспарлы түрде ретке келтіріп жатырмыз. Биыл бұл жұмыс жалғасады: жоспарда басталған жобаларды аяқтау ғана емес, елорданы еліміздің батыс өңірлерімен байланыстыратын ауқымды «Орталық-Батыс» жобасын іске асыруға дайындық та бар», – деп атап өтті Владимир Кулаков.
Брифингте жолдардың табиғи сынақтарға дайындығына ерекше назар аударылды. Биылғы су тасқынына дайындық өз тиімділігін көрсетті: 100-ден астам су өткізу құбырларын орнату және жөндеу есебінен трассалардағы су асу жағдайлары айтарлықтай азайды. Бүгінгі таңда жол төсемінің зақымдалған барлық учаскелері толықтай қалпына келтірілді.
Ең көп күтілетін жобалардың бірі — теміржол вокзалдарын жаңарту. Ақмола облысы мұндай нысандардың саны бойынша елде көш бастап тұр – бірден 16 елді мекенде жұмыс жүріп жатыр. Көкшетау, Макинск, Щучье және Жақсы станцияларында ғимараттардың дайындығы 97%-дан асса, Атбасар, Есіл, Ақкөл және Державинск қалаларында толық бұзылған ескі конструкциялардың орнына жаңа заманауи ғимараттардың құрылысы жалғасуда.
«Өңірдегі көптеген вокзалдар өткен ғасырдың ортасында салынған, олардың негізгі конструкцияларының мерзімі біткен. Қазір нысандарда 300-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Біз жолаушыларға лайықты сервис пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін вокзалдар мен вокзал маңындағы алаңдарды осы жылы пайдалануға беру міндетін қойып отырмыз», – деп айтты спикер.
Жолдар мен вокзалдардың жаңаруы өңір ішіндегі сапарларды жылдам әрі қауіпсіз етеді. Осындай тәсілдің арқасында облыстың көлік тораптары тұрғындардың үмітіне сай келетін заманауи қызмет көрсету пункттеріне айналуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/1210495?lang=kk

Жауап қалдыру