
Аққулы ауданының «Айналайын» сәбилер бақшасында «Жасыл балабақша» жобасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл игі бастама – табиғатты аялауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық идеясының нақты көрінісі.
Балабақшадағы әрбір күн кішкентайлардың табиғатпен етене байланыс орнатуынан басталады. Бүлдіршіндер топыраққа дән сеуіп, оны баптап, алғашқы өскіннің бой көтеруін ерекше ықыласпен күтеді. Бүгінде балабақша аумағында олардың қамқорлығымен 50-ден астам көкөніс түрі мен 15 түрлі гүл өсірілуде. Әрбір өсімдік – балалардың еңбегі мен мейірімінің нәтижесі.
Бұл жоба арқылы балалар тек еңбекке баулып қана қоймай, табиғаттың қадірін түсініп, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды үйренеді. Өз қолдарымен егіп, суарып, күтіп-баптаған өсімдіктер арқылы олар жауапкершілік пен ұқыптылықты бойына сіңіреді.
Сонымен қатар, өздері өсірген табиғи өнімдерді тұтыну арқылы бүлдіршіндер дұрыс тамақтану мәдениетін меңгеріп, денсаулықтарының нығаюына да үлес қосуда.
«Жасыл балабақша» – бұл жай ғана жоба емес, бұл – болашаққа бағытталған маңызды қадам. Осындай бастамалар арқылы жас ұрпақ табиғатты қорғаудың маңызын ерте жастан түсініп, «Таза Қазақстан» құндылықтарын өмірлік ұстанымына айналдырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1210759?lang=kk

Жауап қалдыру