
Ақтөбе облысында «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық кезеңінің салтанатты ашылуы өтті.
Ауқымды іс-шараға өңірдің қала және аудан мектептерінен 14–17 жас аралығындағы жас сарбаздар қатысты. Жиынның мақсаты – патриоттық тәрбиені дамыту, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру және жастарды Отан қорғауға дайындау.
«Айбын» жобасы биыл 12-рет ұйымдастырылып отыр және осы жылдар ішінде нағыз патриоттарды тәрбиелейтін маңызды алаңға айналды. Өткен халықаралық жиын Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды. Оған Қазақстанмен қатар шет елдерден 700-ден астам жас қатысып, жобаның халықаралық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Биылғы облыстық кезең – үлкен патриоттық бастаманың жалғасы. Қатысушылар белтемірге тартылу, АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинақтау, пневматикалық винтовкадан ату, арқан тарту және әскерилендірілген эстафета сияқты әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша бақ сынайды.
Ашылу салтанатында Ақтөбе облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Ол жастардың ел дамуындағы ерекше рөлін атап өтіп, бүгінгі жас сарбаздар – ертеңгі Отан қорғаушылар екенін жеткізді.
«Сіздер – Тәуелсіз Қазақстанның тірегісіздер, елдің болашағысыздар. Батыр бабалардың аманатын арқалап, Отанға адал қызмет ету – қасиетті борыштарыңыз. Сіздер – ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілісіздер. Қазақстан армиясының болашағы сіздердің қолдарыңызда», – деді Әлібек Байнешов.
Өңірдің білім беру жүйесінде әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жұмыс «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүргізіліп, әскери-патриоттық клубтардың қызметін, «Жас сарбаз», «Смарт сарбаз», «Жас құтқарушы» қозғалыстарын, кадет сыныптарын дамыту, сондай-ақ «Алғашқы әскери дайындық және технология» пәнін оқытуды қамтиды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga/press/news/details/1210079?lang=kk

Жауап қалдыру