
Astana Hub халықаралық инновациялық кластері алаңында кезекті Pizza Pitch өтті. Бұл жолы стартаптар өз жобаларын инвесторларға қысқа әрі мазмұнды 3 минуттық таныстырылым форматында ұсынды.
Іс-шараға қызығушылық жоғары болып, қатысуға 141 өтінім келіп түскен. Іріктеу кезеңінен кейін 55 команда онлайн-диагностикадан өтіп, олардың тек 12-сі финалға шықты.
Финалистер әртүрлі бағыттар бойынша өз жобаларын таныстырды: AI-агенттер, бейнеаналитика, нейроинтерфейстер, медициналық шешімдер және басқа да салалар. Қатысушылардың басым бөлігі жасанды интеллектіні негізгі даму тетігі ретінде қолданған.
Қатысушылардың қатарында, Airi.chat – клиенттерге қызмет көрсетуді толық қамтитын AI-платформа: байланыс үдерістерін автоматтандырудан бастап, ақылды сценарийлер мен талдауға дейін; Repetino – репетитор табуға және онлайн сабақтарға арналған платформа, ал TikTok стиліндегі бейне таспа мұғалімді таңдауды жылдам әрі ыңғайлы етеді; NeuroForce – ой күшімен құрылғыларды басқаруға мүмкіндік беретін жаңа буындағы нейроинтерфейстер (BCI), миды жаттықтыруға, зейінді арттыруға және стрессті азайтуға көмектеседі; Extensy – әзірлеушілерсіз-ақ браузерге арналған кеңейтімдерді автоматты түрде жасайтын автономды AI-агент; Tennet Ecosystems – шағын және орта бизнеске арналған, AI-агенттер мен AI-көмекшілерге негізделген бизнес-процестерді, тапсырмалар мен сатуды автоматтандыру жүйесі; ZhurekAI – жүрек-қан тамырлары аурулары қаупін ерте анықтайтын AI-платформа, киілетін құрылғылар деректерін тәулік бойы талдайды; Sentra – бөлшек саудаға арналған бейнеаналитика платформасы: бейнеағындарды нақты уақыт режимінде талдап, ұрлық пен тұтынушылардың мінез-құлқын анықтайды, шығынды азайтып, деректерге негізделген шешім қабылдауға көмектеседі; Origanima – бизнеске арналған AI-конструктор, әртүрлі AI-құралдарды біріктіріп, қойылған міндеттерге сай алгоритм бойынша жұмыс істейді; AVM.AI – өнім менеджерлеріне арналған AI-көмекші: идеяларды тексеру, гипотезаларды басымдыққа қою, зерттеу мен стратегияны бірнеше минутта жасауға мүмкіндік береді; SilenceAI – ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің жұмысын толық атқара алатын AI жүйесі; Desargues AI – тексерілетін математикалық интеллект: ғылыми, қаржылық және инженерлік есептерде шешімдерінің дұрыстығын математикалық тұрғыда дәлелдеуге болатын AI; Co-founder AI – маркетинг, өнім және сату бағытындағы AI-агенттерден құралған команда, табысты арттыруға көмектеседі: стратегиядан бастап, клиент тарту және мәміле жасағанға дейін.
Deep tech бағытындағы, әсіресе медицина мен математика саласындағы жобалар ерекше назар аудартты. Нәтижесінде бірінші орын мен 700 000 теңге жүлдені Desargues AI иеленді. Екінші орын (500 000 теңге) ZhurekAI жобасына бұйырды. Үшінші орын (300 000 теңге) Sentra стартапына берілді.
Қатысушылардың жұмыстарын венчурлік нарық өкілдері мен инвестициялық қауымдастық сарапшылары бағалады. Олардың қатарында қор сарапшылары мен инвестициялық компания жетекшілері бар. Қазылар алқасы жобаларды тек технологиялық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ масштабталу мүмкіндігі, бизнес-модель және халықаралық нарыққа шығу әлеуеті бойынша саралады.
Pizza Pitch алаңы стартаптарға инвесторлардан кері байланыс алуға, өз таныстырылымдарын сынап көруге, инвестиция тартуға мүмкіндік іздеуге және байланыс аясын кеңейтуге жол ашты. Ал инвесторлар үшін бұл алдын ала іріктелген әрі тексерілген жобалармен жедел танысу мүмкіндігі.
Іс-шараның серіктестері қатарында Astana Hub қатысушылары және технологиялық компаниялар Айти Крауд, ARMADOC.KZ, Фора Софт, Cheely Apps, GOPASS PLATFORM бар. Ал басты серіктес Smart Bridge компаниясы болды.
Іс-шараның ұйымдастырылуы Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл елдің жоғары технологияларды дамытуға, IT-қоғамдастықты қолдауға және жаңа буын инженерлерін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағытын айқындайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1210091?lang=kk

Жауап қалдыру