
Атырауда «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы шеңберінде «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» деген тақырыппен ауқымды өңірлік форум ұйымдастырылды. Бұл іс-шара тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңына айналды.
Форумға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығының тұрғын үй қатынастары және нормативтік-техникалық реттеу департаментінің директоры Марғұлан Әбдікәрімов, сондай-ақ мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, коммуналдық қызмет өкілдері мен ПИК төрағалары қатысты.
«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев жобаның жай ғана бастама емес, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге, қалалық ортаның қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған нақты тетік екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі басты міндет – мәселелерді тізбелеу емес, оларды шешудің жүйелі әрі нақты жолдарын қалыптастыру. Осы тұрғыда «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғындардың өз үйін басқаруға белсенді қатысуына мүмкіндік беретін тиімді құрал болуы тиіс.
«Мұндай форум-семинарлар жыл басталғалы еліміздің сегіз өңірінде – Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Түркістан, Абай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарында өтіп, өзінің тиімділігін көрсетті. Біз осы тәжірибені ескере отырып, бұл жұмысты Атырау облысында жалғастырып отырмыз. МИБ және ПИК төрағалары тұрғындарға нақты не керегін жақсы біледі және олармен күнделікті байланыста. Олардың ұсынысын ескерудің өңірдегі қысқа және ұзақ мерзімді міндеттерді жүйелі шешудегі маңызы зор», – деді Ержан Жылқыбаев.
Партия хатшысы жоба аясында жүзеге асырылатын нақты шараларды да таныстырды. Атап айтқанда, МИБ және ПИК төрағаларына арналған оқыту семинарларын өткізу, депутаттармен кері байланысты күшейту, абаттандыру мен жөндеу жұмыстарын әкімдікпен бірлесіп жоспарлаудың тетігін енгізу көзделген. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын енгізу, «Үздік аула» және «Үздік МИБ, ПИК төрағасы» байқауларын өткізу, белсенді азаматтар қатарынан кадрлық резерв қалыптастыру жоспарланған.
Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында әлі де ашықтықтың жеткіліксіздігі, жауапкершіліктің нақты бөлінбеуі және тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы түсініспеушілік сияқты мәселелердің бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, заңнамадағы өзгерістер осы олқылықтарды жоюға, шешім қабылдау үдерісінде меншік иелерінің рөлін күшейтуге бағытталған.
«Реформаның басты жаңалығы – шешім қабылдау құқығын тұрғындардың өзіне беру. Енді меншік иелері үйді басқару нысанын өздері таңдай алады, тарифтерді бекітеді және қаржының жұмсалуын бақылайды. Қажет болған жағдайда басқарушы ұйымды ауыстыру мүмкіндігі де қарастырылған. Қаржылық ашықтық қамтамасыз етіледі, барлық ақпарат тұрғындарға қолжетімді болады. Басқару саласына қойылатын кәсіби талаптар күшейтіледі, қаражатты мақсатсыз пайдалану мәселесі реттеледі, ал тиімді жұмыс істейтін ұйымдарға мемлекеттік жаңғырту бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі кеңейеді. Мұның барлығы тұрғын үй саласында тәртіп орнатып, әділ әрі ашық жүйе қалыптастыруға бағытталған», – деді депутат.
Ол республика бойынша коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 1,7 трлн теңгеден астам қаржы қарастырылғанын жеткізді. Дегенмен жобаларды іске асыру қарқыны, желілердің тозуы және деректердің нақтылығы мәселелері өзекті күйінде қалып отыр.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Оның сөзінше, өңірде сумен жабдықтау жүйесін автоматтандыру және цифрландыру бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда. 1243 тұрғын үйге су есептегіш құрал орнату жоспарланған, бүгінде оның 801-іне қондырылған. Бұл былтырғымен салыстырғанда су тұтынуды 7 пайызға азайтуға мүмкіндік берген.
– Ескі, тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешуге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен шамамен 15 млрд теңге бөлініп, 624 пәтердің тұрғындары жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл тағы 6 млрд теңге бөлініп, 21 апатты үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр, – деді Қ. Нұртаев.
Сонымен қатар Нұрсая шағынауданында электрмен жабдықтау мәселесі шешіліп, 66 шақырым электр желісі тартылды. Қазіргі уақытта қаланың сол жағалау бөлігінде 162 шақырым желіні жаңғырту жобасы қарастырылуда.
Форумды қорытындылаған облыс әкімі Серік Шәпкенов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтіп, тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасында ашық әрі тікелей байланыс орнататын фронт-кеңсе құруды ұсынды. Бұл тетік туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.
– Бұл форум нақты нәтижелерге қол жеткізуге, соның ішінде әрбір азаматтың жауапкершілігі мен сенімін арттыруға ықпал ететін тиімді алаң болды деп есептеймін. Біз инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғыртып, цифрлық шешімдер енгізіп жатырмыз. Қызмет сапасы артып келеді және бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғасады, – деді С. Шәпкенов.
Форум қорытындысы бойынша тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытуға, басқару тиімділігін арттыруға және халықпен кері байланысты күшейтуге бағытталған бірқатар бастама көтеріліп, нақты ұсыныстар әзірленді.
Іс-шара соңында бірнеше белсенді азаматқа алғыс хат табысталып, партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1209985?lang=kk

Жауап қалдыру