
Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жәңгір Әбуов «Су ізі» атты арнайы платформа әзірледі. Бұл жүйе әрбір қолданушыға өзінің қанша су тұтынатыны туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жобаның авторымен және оған жетекшілік еткен №91 мектеп-гимназиясының педагогтерімен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен Жәңгір Әбуовтың ата-анасы арасында «Су ізі» бағдарламасын әзірлеу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат интерактивті платформаны жетілдіру және енгізу бағытында бірлескен жұмысты көздейді.
«Су ізі» платформасындағы есептеулер пайдаланушылардың күнделікті әдеттерін ескере отырып жүргізіледі. Оған тұрмыста және тамақтану кезінде су тұтыну, сондай-ақ су ресурстарын жанама пайдалану кіреді. Жүйе енгізілген деректерді автоматты түрде өңдеп, су тұтынуды азайтуға және күнделікті өмірде су үнемдеу тәжірибесін енгізуге бағытталған жеке ұсыныстар жасайды.
Жобаның тең авторы – №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Адият Шадияр балалар арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған қысқаметражды бейнероликтер сериясын ұсынды. Бұл роликтерде «Тамшы» анимациялық кейіпкері су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызын қолжетімді түрде түсіндіріп, тұрмыста суды үнемдеудің қарапайым әрі тиімді тәсілдерін көрсетеді.
Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен оқушының ата-анасы осы ақпараттық материалдарды тарату жөнінде ынтымақтастық туралы келісімге де қол қойды.
Су ресурстары және ирригация министрі №91 мектеп-гимназиясы оқушылары әзірлеген жобаны жоғары бағалап, сондай-ақ педагогтер мен ата-аналардың өскелең ұрпақ арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастырудағы үлесін атап өтті.
«Біздің алдымызда тұрған міндеттердің бірі – суды үнемдеу мен оған ұқыпты қарауды насихаттау арқылы халықтың су ресурстарына деген көзқарасын өзгерту. 2024 жылдан бастап балалар мен жастар арасында дұрыс экологиялық ойлау қалыптастыруға бағытталған «Суды үнемде – болашақты сақта» жобасы жүзеге асырылып келеді. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында экосағаттар өткізіліп жүр. Бұл жұмысқа педагогтер мен ата-аналардың белсенді қатысып отырғаны қуантады. Ортақ күш-жігердің арқасында қоғамда су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыра аламыз деп ойлаймын», – деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі Алматы қаласындағы №79 гимназия оқушысы Дана Қадырбекпен меморандум жасасқан болатын. Ол заманауи наноматериалдардың көмегімен атмосферадан су жинауға арналған құрылғы әзірлеген. Жақында ол Венада өткен БҰҰ форумында үздік жас өнертапқыштардың үштігіне енді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1210161?lang=kk

Жауап қалдыру