
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен, ел экономикасының салаларына жасанды интеллект енгізу мәселесі талқыланған Үкімет отырысында сөз сөйледі.
Ерсайын Нағаспаев Министрліктің негізгі бағыттары – геология, құрылыс және өнеркәсіп салаларына жасанды интеллектті енгізу, интеграциялау туралы баяндады.
Министрдің айтуынша, архивтік деректерді цифрлық форматқа көшіру бойынша ауқымды жұмыс аясында жасанды интеллект жүйесінің көмегімен қазіргі уақытта алғашқы геологиялық ақпараттың 97%-дан астамы, яғни шамамен 250 терабайт дерек сканерленген. Цифрландырылған деректер сондай-ақ Бірыңғай Big Data жүйесіне біріктірілген, онда 1 терабайт дерек жүктелген. Өңделген мәліметтер негізінде жер қойнауының интерактивті картасы жасалды, ол Қазақстан кен орындарының перспективалы учаскелерін жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
Министр атап өткендей, құрылыс саласында жасанды интеллект жобалау мен бағалаудан бастап, орындалуды толық нақты уақыт режимінде бақылауға дейінгі барлық кезеңіне енгізілуде.
Ерсайын Нағаспаев «компьютерлік көру» технологиясын жасанды интеллектпен үйлестіріп қолдану бойынша қанатқақты жобаны атап өтті. Бұл жоба жоспарлау және қала құрылысы кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен ЕТЖЖ-ның орындалуын бақылау үшін іске қосылған. Осының арқасында сәйкессіздіктерді анықтауға кететін уақыт 3 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқарады және заңсыз құрылыс салу қаупі азаяды.
Министрдің айтуынша, жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM жобаларын тексеру үшін жасанды интеллектті енгізу жоспарлануда. Бұл топырақ жағдайлары мен сейсмикалық белсенділікті ескере отырып, елдің әртүрлі аймақтарындағы стандартты жобаларды қарау мерзімдеріндегі айырмашылықтарды жоюға және бірыңғай және ашық ережелерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, қалалардың цифрлық сыңарларын құру үшін дрондарды пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ерсайын Нағаспаев атап өткендей, өнеркәсіп секторында жасанды интеллект қазірдің өзінде сапаны бақылау және өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында қолданылуда. ERG, Astana Motors және KAZ Minerals сияқты ірі кәсіпорындар өз алаңдарында өндірістік үдерістерді модельдеу және оңтайландыру үшін ЖИ қолдауымен цифрлық сыңарларын енгізіп жатыр. Сонымен қатар, 70-тен астам отандық кәсіпорында өнеркәсіптік интернет заттары (IIoT) технологиялары қолданылуда.
Сөзінің соңында Ерсайын Нағаспаев министрлік геология, құрылыс және өнеркәсіп салаларының тиімділігін, ашықтығын және инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында жасанды интеллектті енгізу жұмыстарын жалғастыра беретінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында отандық жер қойнауының заманауи карталарын цифрлық құралдарды пайдалану арқылы жасау қажеттігіне назар аударған. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс сапасын арттыру үшін ЖИ технологияларын қолдана отырып, ғимараттарды ақпараттық модельдеудің маңыздылығын атап өтіп, Үкіметке құрылыстың барлық кезеңдерінде түпкілікті есепке алуды, жоспарлауды және мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосуды тапсырған-ды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1210242?lang=kk

Жауап қалдыру