Қарағандыда түнгі уақытта алкоголь сатқан кәсіпкер лицензиясынан айырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағандыда түнгі уақытта алкоголь сатқан кәсіпкер лицензиясынан айырылды. Алкогольді шамадан тыс тұтыну – келеңсіз салдарға апаратын қауіпті жол, ол көп жағдайда қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бұл ащы шындық өңірдегі дүкендердің бірінде түнгі уақытта спирттік ішімдік сату салдарынан орын алған кезекті оқиғамен тағы да дәлелденді. Тергеушінің ұсынысы негізінде сауда орнының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алкоголь өнімдерін түнгі уақытта сатуға тыйым салынғанына қарамастан, кәсіпкер заң талаптарын жүйелі түрде елемеген. Соның салдарынан бір топ жас спирттік ішімдік ішіп, оқиға өкінішке қарай қайғылы жағдаймен аяқталған. Отырыста туындаған жанжал қысқа уақыт ішінде төбелеске ұласып, нәтижесінде қатысушылардың бірі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді, ал екіншісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот іс материалдарын жан-жақты зерттеп, куәлардың айғақтарын тыңдай отырып, құқық бұзушылықты назардан тыс қалдырмады. Нәтижесінде дүкен иесі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған айыппұл салынып, этил спирті мен алкоголь өнімдерінің айналымына байланысты қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды. Айта кету керек, жыл басынан бері аталған бап бойынша сауда саласында қызмет ететін 186 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әсіресе кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату деректері алаңдаушылық туғызады: ӘҚБтК-нің 200-бабының бірінші бөлігі бойынша 54 жағдай тіркелген. Сонымен қатар, 132 сатушы тыйым салынған түнгі уақытта спирттік ішімдік сатқаны үшін жауапкершілікке тартылған. Бұл мәселенің өзектілігін және заң талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы да айқындайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1210647?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді